4 сағат бұрын
Футболдан Оңтүстік Кореяның бас бапкері елінен қайтадан кетіп қалды
Оңтүстік Корея футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері Хон Мен Бо әлем чемпионатынан оралғаннан кейін екі күн өткен соң елден қайта кетіп қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жергілікті телеарнаның мәліметінше, маман бетперде тағып, Инчхон халықаралық әуежайынан Лос-Анджелеске ұшатын рейске отырған.
Ақпаратқа сәйкес, оның елден шұғыл кетуіне Оңтүстік Корея құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалуына қатысты полицияның тергеу бастауы себеп болған.
«Тыңдаулар туралы ештеңе білмеймін. Елге қашан оралатынымды да білмеймін. Осы жерден тоқтайық», – деді Хон Мен Бо әуежайда журналистерге.
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Оңтүстік Корея құрамасы Мексикадан (0:1) және Оңтүстік Африка Республикасынан (0:1) жеңіліп, Чехияны (2:1) жеңді. Команда А тобында үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне өте алмады.
Хон Мен Бо ұлттық құраманы 2024 жылдан бері жаттықтырды. Оның келісімшарты 2027 жылға дейін жасалған болатын. Алайда 28 маусымда қызметінен кететінін мәлімдеді.
Әлем чемпионаты кезінде әлеуметтік желілерде маманның атына өлім қаупі туралы хабарламалар түскен. Тіпті қолданушылардың бірі бапкер елге оралатын күні әуежайға келетінін жазған. Осыған байланысты полиция құраманы қарсы алу күні әуежайдағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді жоспарлаған.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов