3 сағат бұрын
«Сутьеска» клубының бас бапкері «Қайраттың» басты артықшылығын атады
Черногорияның «Сутьеска» клубының бас бапкері Милорад Пекович Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін алғашқы матч алдындағы күткенімен бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Маман қазақстандық клубты кездесудің фавориті деп санайтынын, алайда өз командасы лайықты қарсылық көрсетуге ниетті екенін айтты.
«Біз ең алдымен өз ойынымызға көңіл бөлдік. Әрине, қарсыласты құрметтеу қажет, бірақ сонымен бірге өз ойыныңның сапасы туралы да ойлау маңызды. Бізге қарсы кім ойнайтынын жақсы білеміз және мүмкіндіктерімізді шынайы бағалауымыз керек. Әрине, келесі кезеңге шығу жолындағы басты фаворит – «Қайрат». Бірақ олар мұны әлі де футбол алаңында дәлелдеуі тиіс. Бапкер үшін мұндай кездесулер – үлкен оқиға, сондықтан бұл ойынды асыға күтіп жүрмін. Оның үстіне, біз Еуропадағы ең беделді клубтық турнирдің іріктеу кезеңін дәл осындай қарсыласқа қарсы бастаймыз. Бұл – бір жағынан зор мәртебе, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Себебі бұл турнирде сен тек өз клубыңды ғана емес, қалаң мен еліңді де таныстырасың», – деді бапкердің сөзін Dan.co.me басылымы.
Сондай-ақ «Сутьеска» тізгінін ұстаған маман алғашқы кездесуден не күтетінін айтты.
«Біздің жақсы ойын көрсетіп, әсіресе қозғалыс пен қарқын жағынан өзімізді жақсы қырынан танытуымыз өте маңызды. Біз «Қайратқа» лайықты қарсылық көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Олардың басты артықшылығы – физикалық дайындығы. Себебі Қазақстан чемпионаты қазірдің өзінде жүріп жатыр, олар 18 тур өткізіп үлгерді. Қарсыласты талдау барысында олардың кейбір әлсіз тұстарын да байқадық және сол мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамыз».
Пекович командасының матч басталмай жатып жеңіліспен келіспейтінін де атап өтті.
«Құрамында мықты футболшылары көп қарсыласқа әрдайым құрметпен қарау керек. Өткен маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен клубты да құрметтеу қажет. Біз лайықты қарсылық көрсетеміз. «Қайрат» өте сапалы ойыншыларды жинаған, бірақ біз де өзімізге қолайлы нәтижеге жету үшін бар күшімізді саламыз. Алдын ала ештеңені есептемейміз – әр матчтың өз тарихы бар, әсіресе осындай кездесулердің. Мен ешқашан «Қайраттан» қорқу туралы ойлаған емеспін. Адам әрдайым үмітпен өмір сүреді», – деді бапкер.
«Қайрат» пен «Сутьеска» арасындағы алғашқы матч 8 шілде күні Алматыда өтеді. Қарымта кездесу 16 шілдеде Черногорияның Никшич қаласында болады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов