4 сағат бұрын
Жозе Моуринью «Реал» клубының бас бапкері ретінде әсерімен бөлісті
Мадридтің «Реал» клубының бас бапкері Жозе Моуринью командаға қайта оралғаннан кейінгі әсерімен бөлісіп, маусым алдындағы дайындық жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Sport12.kz
Португалиялық маман «Реалдағы» қызметін үлкен жауапкершілік әрі ерекше миссия ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын. Мен үшін бұл нағыз миссия. Мен мұнда футболшылардың әлеуетін ашып, олардың шеберлігін арттыруға көмектесу үшін келдім. «Реалда» жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе», – деді Моуринью.
Сондай-ақ тәжірибелі бапкер команданың толық құраммен жаттығуға кіріскенін қалайтынын, алайда алдағы екі аптаны барынша тиімді пайдалануға ниетті екенін айтты.
«Әрине, барлық ойыншының қазірдің өзінде осында болғанын қалар едім. Бірақ алдағы екі аптаны көтеріңкі көңіл күймен өткізуіміз керек. Бұл – бірге жұмыс істейтін футболшылармен жақынырақ танысып, олардың да мені жақсырақ тануына тамаша мүмкіндік.
Маусым алдындағы дайындық кезінде бірінші командамен бірге «Кастильяның» көптеген ойыншысы жаттығады. Жас футболшылардың дамуына үлес қосып, олардың өсуіне көмектесу маған әрдайым ұнайды.
Өзіме сенімдімін әрі бұл клубқа деген құрметім ерекше. Тек алға! Тек «Реал»!», – деді португалиялық маман.
Айта кетейік, Жозе Моуринью бұған дейін Португалияның «Бенфика» клубын баптап келген еді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов