6 сағат бұрын
Нұрсұлтан Құрман: Франция әлем чемпионы болады
Фото: ҚФФ
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында қай құрамалар финалға шығады? Бас жүлде кімге бұйыруы мүмкін? Бұл жөнінде Sport12.kz тілшісі Қазақстан футзал қауымдастығының президенті, спорт журналисі Нұрсұлтан Құрманның пікірін білген еді.
Нұрсұлтан Құрман әлем чемпионатында басты фаворит - Франция екенін атап өтті. Бұл әлем чемпионатында олардың құрамы және ойыны үздік болып келе жатыр.
-Әрине, футболда түрлі жағдай болады. Ойыншылардың бірі қызыл қағазбен жазаланып немесе концентрациясыны жоғалтып алып жатса, жорамал басқаша да шығуы ғажап емес. Айта кетерлігі, Франция – өте тәжірибелі құрама, қаншама жылдан бері үздіктер қатарынан көрініп келеді. Бірнеше мәрте финалда бақ сынап үлгерді. Сондықтан олардың чемпион болу мүмкіндігі өте жоғары деп ойлаймын. Финалда франциялық футболшылар Англиямен кездеседі деген болжам айтамын. Әрине, Килиан Мбаппе бастаған жігіттер басым түсіп, 8 жыл бұрынғы жетістігін тағы бір мәрте қайталайды деген сенімдемін, - деді ол.
Оның айтуынша, жартылай финалдағы Франция – Испания арасындағы кездесу өте тартысты өтеді. Соған қарамастан Дидье Дешамның шәкірттері жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады.
- Англия – Аргентина кездесуі де жанкүйерге тартысты бәсекені сыйлайды деген үміттемін. Қазірге дейін Аргентина барлық мүмкіндігін пайдаланып келеді. Олардың құрамында ардагер ойыншылар өте көп. Бұл жолы қаншама уақытқа жалғасқан ертегі аяқталады. Тіпті Англия Оңтүстік Америка құрлығы өкілдерін ірі есеппен жеңіп кететін секілді. Үшінші орын үшін ойында Испанияның жолы болады, - деді Н.Құрман.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жорже Жезуш бас бапкер ретінде Криштиану Роналдуді Португалия құрамасына шақыру жөнінде пікірін білдірді.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан