1 күн бұрын
«Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының екінші раундына өтті
Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчын өткізіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесудің алғашқы минуттарында қонақтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, оларды голға айналдыра алмады. Бірінші таймның ортасына қарай ойын теңесіп, үзіліс алдында алаң иелері шабуылды үдете түсті.
Екінші таймның басында «Сутьеска» жоғары қысыммен ойнады. Алайда алматылықтар қорғаныста сенімді әрекет етіп, қарсылас қақпашысы Владо Гиленнің қателігін тиімді пайдаланды. Кейін қолмен ойнағаны үшін белгіленген пенальтиді Жоржиньо сәтті орындап, матчтың нүктесін қойды — 2:0.
«Сутьеска» (Никшич, Черногория) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) 0:2 (0:0)
Голдар: Бекболат, 70-минут (0:1), Жоржиньо, пенальтиден, 82-минут (0:2).
Алаңнан қуылды: Ражнатович, 79-минут.
Алғашқы матч: 1:2. Жалпы есеп – 1:4, «Қайрат» келесі кезеңге өтті.
Осылайша, «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шығып, онда Кипрдің «Омония» клубымен кездеседі.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан
Қанат Байұзақов