7 сағат бұрын
Қайрат Нұрдәулетов финалда қай құрамаға жанкүйер болатынын айтты
Қазақстан футбол федерациясы
Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, бүгінде «Жетісу» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов sport12.kz тілшісіне берген сұхбатында әлем чемпионатының финалына болжам жасады.
– Әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Испания кездеседі. Аргентинаның жолы жеңіл болды, тіпті «Мессиге ФИФА көмектесті» деген пікірлер де айтылып жатыр. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Мен ондай пікірмен келіспеймін. Финалға шыққан командаға ешкім жайдан-жай жол бере салмайды. Иә, кейбір қарсыластары жеңілірек болған шығар. Бірақ Аргентинаның ойындарына қарасаңыз, олардың қандай мінез көрсеткенін көресіз.
Футболшылардың өз еліне деген сүйіспеншілігі, патриоттық рухы, капитандары Лионель Мессиге деген құрметі анық байқалып тұр. Осындай ынтымағы мен мінезі бар команда туралы теріс пікір айту қиын. Сондықтан Аргентинаның финалға шығуы – толықтай заңды нәтиже деп есептеймін. Енді финалда әдемі әрі тартысты ойын көреміз деп үміттенемін.
– Франция көшбасшы саналды, әрі турнир бойы тұрақты ойын көрсетті. Бірақ жартылай финалда Испанияға қарсы қауқарсыз көрінді. Бұған не себеп болды?
– Меніңше, Испания тактикалық жағынан жеңді. Олар Францияның жылдам қаптал ойыншыларын жақсы жапты, еркіндік берген жоқ. Өздері де өте қарқынды әрі агрессивті футбол көрсетті.
Әсіресе, жартылай қорғаудағы Родридің ойыны үлкен рөл атқарды. Испания орталық алаңды толық бақылауына алып, матч тағдырын сол жерде шешті. Сондықтан бұл жеңісті заңды деп есептеймін.
– Англия жартылай финалда есеп ашқанымен, жеңісті сақтай алмады. Тухель командасы қай жерде қателесті?
– Менің ойымша, Англия гол соққаннан кейін қорғанысқа тым ерте шегініп кетті. Матчтың басындағыдай белсенді әрі батыл ойынын жалғастыруы керек еді.
Әрине, сырттан отырып айту оңай. Мүмкін, ойыншылардың физикалық дайындығы әсер еткен шығар. Бірақ басқа бапкердің шешімін сынауды дұрыс деп санамаймын. Дегенмен Англияның ерте қорғанысқа көшкені Испанияның шабуылын күшейтіп жіберді деп ойлаймын.
– Әлем чемпионаты тарихында шетелдік бапкер жаттықтырған құрама әлі чемпион болған жоқ. Бұл кездейсоқтық па?
– Бұл статистиканы алғаш естіп тұрмын. Бірақ өз пікірім – ұлттық құраманы жергілікті маман басқарғаны дұрыс.
Өйткені өз елінің бапкері футболшыларды жақсы таниды, олардың мінезін, менталитетін, ұлттық ерекшелігін, чемпионаттың деңгейін біледі. Сондықтан Қазақстан құрамасын да тәжірибелі қазақстандық маман жаттықтырғанын қолдаймын. Жалпы, бұл қағида басқа елдерге де қатысты деп ойлаймын.
– Жалпы, биылғы әлем чемпионаты көңіліңізден шықты ма?
– Иә, жалпы қызықты матчтар көп болды. Өкінішке қарай, ойындардың кеш басталуына байланысты ойындардың барлығын бірдей көре алмадық. Бізде жұмыс, жаттығу бар. Көптеген жаңа командаларды көрдік. Әрине, ұйымдастыру жағынан кемшіліктер болған шығар, оны сол жерде болған мамандар жақсы айтар. Ал менің көңілімнен чемпионат шықты.
– Финалға болжамыңыз қандай?
– Турнир басталғанда Англия мен Португалияға жанкүйер болдым. Бірақ енді финалда Аргентинаға қолдау көрсетемін. Ең бастысы – жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлайтын әдемі ойын болсын. Ал өз басым бұл кездесуде Аргентинаға жанкүйер боламын.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан