1 күн бұрын
Әлем чемпионы атағы кімге бұйырады? Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы болжам жасады
Sports.kz
20 шілдеге қараған түні әлем чемпионатының жеңімпазы анықталады. Осы орайда Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Айдар Күмісбековтен қай құрама топ жаруы мүмкін екенін сұрадық.
Сонымен қатар экс-футболшы мундиальдің жаңа форматына да тоқталды. Оның пікірінше, турнирге 48 құраманың қатысуы футболдың ауқымын кеңейтіп, жанкүйерлер үшін тартысты дода сыйлаған.
– Биылғы әлем чемпионаты бұрынғылардан өзгеше өтті. Формат өзгерді, қатысушылар саны артты. Жалпы, мұндай өзгерістердің бәрі жанкүйерлер үшін жасалады. Меніңше, 48 команданың қатысуы өзін ақтады. Өйткені бұрын әлем чемпионатына шыға алмайтын елдердің жанкүйерлері де енді өз құрамаларына қолдау көрсете алды. Біз де көршілес елдердің ойындарын өз құрамамыз ойнап жатқандай қызыға тамашаладық. Сондықтан бұл форматтың болашағы бар деп есептеймін, – деді маман.
Оның айтуынша, құрамалар деңгейінде айырмашылық болғанымен, бұл жарыстың тартымдылығына кері әсер еткен жоқ.
– Әрине, барлық команданың деңгейі бірдей емес. Бірақ соған қарамастан мундиаль өте қызықты өтті. Бір жарым айға созылатын мұндай додаға қатысудың өзі оңай емес. Көптеген құрама күтпеген нәтижелер көрсетті. Бұл – әлем чемпионатының басты ерекшелігі. Футболдың қызығы да осында. Алдын ала фаворит саналған командалардың бәрі бірдей жеңіске жете бермейді, – дейді ол.
Айдар Күмісбеков әлем чемпионатында сенсациялық нәтижелердің көп болғанын ерекше атап өтті.
– Көпшілік «Аргентина бәрібір жеңеді» немесе «мына команда міндетті түрде өтеді» деп ойлайды. Бірақ әлем чемпионатында ондай болжамдар әрдайым орындала бермейді. Аргентина да финалға оңай жеткен жоқ, әр кезеңде қиын қарсыластармен ойнады. Кеше ғана көпшілік Францияны фаворит санады, бірақ Испания жеңіп шықты. Осындай күтпеген нәтижелер турнирдің көркін аша түседі, – деді ол.
Тәжірибелі маман өзіне ерекше әсер қалдырған бірнеше құраманы да атады.
– Маған ең алдымен Марокко құрамасының ойыны ұнады. Әсіресе топтық кезеңде өте сапалы футбол көрсетті. Доппен жұмыс істеуі, пас алмасуы, техникалық дайындығы, командалық ойыны жоғары деңгейде болды. Испания да турнир барысында біртіндеп күшейіп, әр матч сайын өз мүмкіндігін толық көрсетті. Аргентина да шешуші кездесулерде тәжірибесін паш етті. Ал Швейцарияны осы чемпионаттың «қара тұлпары» деп айтуға болады. Осындай бес-алты құрама өздерінің мінезін, намысын және жоғары деңгейдегі футболын көрсетті. Сондықтан биылғы әлем чемпионаты жанкүйерлердің көңілінен шыққан жарыстардың бірі болды деп ойлаймын, – деп қорытындылады Айдар Күмісбеков.
Әңгіме барысында Айдар Күмісбеков футболдағы буын алмасуы мен әлем чемпионаты төңірегіндегі қызу пікірталастарға да тоқталды.
Оның айтуынша, Месси, Роналду, Модрич, Неймар секілді жұлдыздардың мансабын аяқтауы футболдың тартымдылығына әсер етпейді.
– Біз көріп өскен ұлы футболшылардың дәуірі аяқталып келеді. Әрине, жанкүйерлер үшін бұл оңай емес. Роналду, Месси, Модрич секілді ойыншылар кеткенде көпшілік қимайды, көңілі түседі. Бірақ футбол ешқашан бір ғана ойыншыға тәуелді болған емес. Бұл – өмірдің заңы. Бір буын кетсе, оның орнын жаңа буын басады. Биылғы әлем чемпионатының өзінде қаншама жаңа жұлдыздың жарқырап шыққанын көрдік. Әр құраманың өз көшбасшысы қалыптасып келеді. Сондықтан футбол әлсіремейді, қайта дами береді, –деді тәжірибелі маман.
Ол аңыз футболшылардың мансабын уақытында аяқтауы да маңызды екенін айтты.
– Месси де, Роналду да футболға өлшеусіз еңбек сіңірді. Қырық жасқа дейін жоғары деңгейде ойнаудың өзі үлкен жетістік. Бірақ әр спортшының өз уақытында қоштасқаны дұрыс деп ойлаймын. Олар футбол тарихында өз іздерін қалдырды, енді сол жолды жаңа буын жалғастырады, – дейді Айдар Күмісбеков.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Аргентинаның финалға дейінгі жолына қатысты айтылып жүрген пікірлерге де маман өз көзқарасын білдірді.
– «ФИФА Мессиге көмектесті», «Аргентинаға жол ашып берді» деген әңгімелерді естідім. Бірақ мен мұндай пікірлермен мүлде келіспеймін. Мұндай деңгейдегі футболда бәрі алдын ала келісіліп қояды деу қисынға келмейді. Адамдар әртүрлі пікір айтады. Қазақта «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз бар ғой. Мен ондай әңгімелерге сенбеймін, – деді ол.
Ниязымбетовтің пікірінше, Аргентина финалға дейінгі жолда өзінің нағыз командалық мінезін көрсетті.
– Аргентина шешуші матчтарда өз ойынын көрсетті. Кейбіреулер «Месси енді бұрынғыдай емес» деп айтып жатты. Бірақ кейінгі ойындарда оның әлі де жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын бәріміз көрдік. Аргентина бірнеше кездесуде камбэк жасап жеңіске жетті. Бұл – жай ғана сәттілік емес. Бұл – команданың мінезі. Олар есепте қалып қойса да, ешқашан берілмейді. «Әлі уақыт бар, бәрін өзгерте аламыз» деген сеніммен ойнайды. Осындай психология үлкен командаларға тән қасиет. Оның үстіне Мессидің өзі де қандай жағдайда болсын сабыр сақтап, командасын соңына дейін алға сүйрей білді. Мұның бәрі үлкен шеберліктің белгісі, – деді маман.
Сөз соңында Айдар Күмісбеков финалға қатысты өз болжамымен бөлісті.
– Финалға екі бірдей мықты команда шықты. Сондықтан нақты фаворитті айту өте қиын. Меніңше, мүмкіндіктер – елу де елу. Ойын қосымша уақытқа, тіпті пенальтиге дейін созылып кетуі де ғажап емес. Дегенмен командалық ойын тұрғысынан Испанияның аздап басымдығы бар сияқты. Сондықтан Испанияға бүйрегім бұрып тұр. Егер пайызбен айтсақ, шамамен 55 те 45 шығар. Бірақ финалда бәрін алаңдағы ойын ғана шешеді, – деп түйіндеді ұлттық құраманың бұрынғы қорғаушысы Айдар Күмісбеков.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан