6 сағат бұрын
Гинтарас Стауче: «Тобылдың» мақсаты - Конференция лигасының келесі кезеңіне өту
Фото: «Тобыл» футбол клубы
«Тобыл» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі Гинтарас Стауче ертең, 23 шілдеде өтетін Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі Литваның «Паневежис» клубымен кездесу алдында пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстандық команда екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» командасымен шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 23 шілдеде Қазақстан уақытымен 20:30-да сырт алаңда болса, қарымта кездесу 30 шілдеде сағат 19:00-де Қостанайда өтеді.
Бірінші матчта бас төреші міндеті норвегиялық Мохаммад Асламға жүктелген. Оған отандастары Альф Олав Россланн мен Эдвард Хельгеруд көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі – Мариус Лин.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
- Ертең қызықты әрі тартысты матч күтіп тұр. Мұнда жету оңай болған жоқ, логистика біраз қиындық туғызды. Бірақ бұл сылтау айтқаным емес. Команда ойынға толық дайын әрі бар назарымыз алдағы кездесуде. Қарсыласты құрметтейміз, алайда мұнда бір ғана мақсатпен келдік – жеңіске жетіп, УЕФА Конференция лигасының келесі кезеңіне өту. Команда бұл ойынға тыңғылықты дайындалды және кездесудің маңызын жақсы түсінеді. Біз бірінші минуттан соңғы ысқырыққа дейін бар күшімізді салып, өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз, - деді ол.
Қазақстандық клуб үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан