9 сағат бұрын
Астана 2027 жылы УЕФА конгресін қабылдайды
Астана 2027 жылы Еуропа футболындағы маңызды жиындардың бір алаңы болады. 22 сәуірде Қазақстанда УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады.
Жиын кезінде ұйымның келесі кезеңдегі жұмысына қатысты бірқатар шешім қабылданып, УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелерін сайлау өтеді.
Конгреске Еуропалық футбол қауымдастықтары одағына кіретін 55 ұлттық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ ФИФА мен халықаралық футбол ұйымдарының делегаттары қатысады.
Шараны өткізуге жұмсалатын шығынды УЕФА өзі өтейді.
Қазақстан үшін бұл — халықаралық футболдағы ауқымды шаралардың бірін өткізуге берілген мүмкіндік.
Соңғы жылдары елде футбол инфрақұрылымын жаңарту, жасөспірімдер футболына жағдай жасау және кәсіби клубтардың басқару жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатыр.
Кәсіби футболды коммерцияландырудың алғашқы кезеңінде 11 клуб жаңа модельге көшіп, оларға 80 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Екінші кезеңде тағы сегіз клубты коммерцияландыру жоспарланып отыр.
Қазақстандағы футбол саласына халықаралық клубтардың қызығушылығы да артып келеді.
4 тамызда француздық «Пари Сен-Жермен» елде ресми академиясын ашатынын хабарлады. Академия жас футболшылардың дайындығын күшейтіп, шетелдік тәжірибені Қазақстанға енгізуге жол ашпақ.
Астанада УЕФА конгресінің өтуі Қазақстанның халықаралық футболдағы рөлін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасы болмақ.
Біздің серіктес: Sport12kz