22 сағат бұрын
Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері алғашқы мәлімдемесін жасады
Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері болып тағайындалған Джон ван ’т Схип жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарына алғашқы үндеуін жасап, жаңа қызметіне қатысты әсерімен бөлісті.
Нидерландтық маман ең алдымен Қазақстан футбол федерациясына өзіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бұл қызметті үлкен жауапкершілік әрі зор құрметпен қабылдайтынын жеткізді.
«Сәлем, Қазақстан!
Ең алдымен, Қазақстан футбол федерациясына осында келіп, бапкерлер штабымен бірге команданың дамуына үлес қосуға мүмкіндік бергені үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл ұсынысты үлкен құрметпен қабылдадым және алдағы апталар мен айларда атқарылатын жұмысқа зор ынтамен кірісемін.
Бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бірақ мен қазақстандықтардың еңбекқор, қайсар халық екенін білемін. Біздің міндетіміз – осы еңбекқорлықты дұрыс бағытқа жұмылдырып, біртұтас ұжым қалыптастыру және көздеген нәтижеге жету. Ең бастысы – бүкіл ел мақтан тұтатын ұлттық құраманы жасау.
Мен бапкерлер штабы мен федерация басшылығымен бірлескен жұмысымыздың нәтижелі болатынына сенемін. Алдағы ресми матчтар жақындап қалғандықтан, құраманы да, ішкі чемпионатты да мүмкіндігінше жан-жақты зерттеуге тырысамыз. Соңғы жылдары Қазақстан футболы айтарлықтай дамыды, енді осы прогресті жалғастыруымыз керек.
Мен барлық үміткерлерді бақылап отырамын. Жас футболшыларға да, дәл қазір ұлттық құрамаға шақырылуға лайық ойыншыларға да мүмкіндік беріледі. Ұлттар лигасындағы матчтарда алаңға ең үздік спорттық бабында тұрған әрі сын-қатерге дайын футболшылар шығады.
Жұмысқа тезірек кірісуді асыға күтіп жүрмін. Алдымызда көптеген сапарлар, матчтарды тамашалау, жаттығу үдерісін жоспарлау және футболшылармен кездесу бар. Рақмет!», – деді Джон ван ’т Схип.
Еске салайық, нидерландтық маман Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлттар лигасының жаңа маусымы қарсаңында қабылдап алды.
Жаңа бас бапкердің штабына қазақстандық мамандар Нұрбол Жұмасқалиев, Елдос Ахметов, Юрий Новиков, Вадим Боровский және Тимур Құсайынов енді. Олар ұлттық құраманы алдағы ресми кездесулерге дайындауға атсалысады.
Біздің серіктес: Sport12kz