3 сағат бұрын
Килама: «Бұл мен үшін оңай ойын болған жоқ»
«Ордабасы» қорғаушысы Ги-Марселин Килама Қазақстан Премьер-лигасының 21-туры аясында «Жетісуға» қарсы өткен матчтағы жеңістен кейін өз ойын айтты.
Шымкенттік клуб қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Киламаның айтуынша, матчтың өзі оңай болмағанымен, алғашқы голдардан кейін командаға ойнау жеңілдеген.
«Бұл ойын мен үшін оңай болған жоқ. Бірақ бір-екі гол соққаннан кейін ойнау жеңілдей түседі. Команданың, жаттықтырушылар штабының және клубтың риза болғанына қуаныштымын. Мен үшін ең маңыздысы — осы», – деді Килама.
Камерундық қорғаушы команда жанкүйерлеріне де алғысын білдірді.
«Бізді әрдайым қолдайтын жанкүйерлерімізге де алғыс айтқым келеді. Барлығыңызға үлкен рақмет! Сіздердің қолдауларыңыз әр матчта соңына дейін күресуге күш береді», – деді футболшы.
Бұл жеңістен кейін «Ордабасы» 49 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде көш бастап тұр.
Біздің серіктес: Sport12kz