3 сағат бұрын
Дастан Сәтпаев Испанияның Ла Лигасына ауысуы мүмкін
Қазақстан құрамасының шабуылшысы әрі лондондық «Челси» футболшысы Дастан Сәтпаевтың мансабын Испания чемпионатында жалғастыруы мүмкін екені хабарланды.
Transfert Radar мәліметінше, қазақстандық футболшыға Испанияның биыл Сегундада жеңіске жетіп, Ла Лигаға қайта оралған «Расинг» клубы қызығушылық танытып отыр. Испаниялық команда Сәтпаевты алдағы маусымға жалға алуды қарастырып жатыр.
Дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта «Расинг» 18 жасар қазақстандық шабуылшы үшін күресте көш бастап тұр.
Сәтпаев қазір «Челсидің» негізгі құрамымен маусым алдындағы дайындыққа қатысып жатыр. Оның лондондық клубпен келісімшарты 12 тамызда, 18 жасқа толған күні ресми күшіне енеді.
Қазақстандық шабуылшы «Челсидің» Австралия мен Азиядағы маусым алдындағы турнирінде бірнеше жолдастық матчқа қатысып, клуб сапындағы алғашқы голын соқты.
Бұған дейін Дастан Сәтпаевты жалға алуға француздың «Страсбур» және Англияның «Халл Сити» клубтары қызығушылық танытып отырғаны хабарланған болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz