3 сағат бұрын
«Бенфика» футболшысының «Қайратқа» неге ауыспағаны белгілі болды
«Бенфика» жартылай қорғаушысы Томас Круздың Алматының «Қайратына» ауысу мүмкіндігі не себепті жүзеге аспағаны белгілі болды.
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Левскиге» қарсы қарымта матчтан кейін футболшының ауысудан бас тартуына Люксембург құрамасының бас бапкері әсер еткенін айтты.
— Оған Люксембург құрамасының бас бапкері қоңырау шалып: «Егер «Қайратқа» ауыссаң, ұлттық құрамада ойнамайсың», — деген. Ол футболшыға Португалияда қалуға кеңес берген. Мұндай ойыншыларды Қазақстанға тек қомақты қаржы арқылы ғана тартуға болады, өйткені біздің чемпионаттың рейтингі аса жоғары емес. Оның үстіне Круз — ұлттық құрама деңгейіндегі ойыншы, — деді Уразбахтин.
Бас бапкер «Қайраттың» жаңа футболшылар іздеп жатқанын да атап өтті.
— Қазір жаңа ойыншылар іздеп жатырмыз. Бірнеше үміткер бар, бірақ кейбірімен келісімге келе алмай жатырмыз. Сондықтан басқа кандидаттарға назар аударудамыз. Шабуыл шебінде ойыншылар жетіспейтіні анық. Чемпиондар лигасында тек жас футболшыларға сенім арту қиын, — деді маман.
Бұған дейін шілде айында 21 жастағы Томас Круз үшін «Қайрат» пен Бухарестің «Динамо» клубы күресіп жатқаны хабарланған болатын.
Круз Португалияда дүниеге келген. Ол «Порту» мен немістің «Ганновер» академияларынан өткен. Қазіргі таңда «Бенфиканың» екінші командасында өнер көрсетеді.
2024 жылдан бері футболшы Люксембург ұлттық құрамасының намысын қорғап келеді. Transfermarkt порталы оның нарықтағы құнын 450 мың еуро деп бағалайды.
Біздің серіктес: Sport12kz