1 сағат бұрын

ҚФФ «Батыр жолы» жобасын өңірлерде жалғастырады

ҚФФ «Батыр жолы» жобасын өңірлерде жалғастырады

Қазақстан футбол федерациясы «Батыр жолы» бағдарламасының кезекті кезеңін бастады. Енді федерация мамандары еліміздің бірқатар өңіріндегі футбол орталықтары мен клубтарға барып, жас ойыншыларды даярлау жүйесімен танысады.

16-31 тамыз аралығына жоспарланған жұмыс сапарлары алдымен Ақтау, Атырау және Семей қалаларын қамтиды. ҚФФ өкілдері «Каспий», «Атырау» және «Елімай» клубтарының жұмысымен танысып, 2014–2015 жылы туған футболшылардың дайындық деңгейіне назар аударады.

Сапар барысында клубтардың бапкерлерімен және басшыларымен кездесулер өткізіліп, жаттығу процесі сараланады. Сонымен қатар федерация мамандары өздерінің әдістемелік ұсыныстарын таныстырып, бапкерлермен бірге практикалық жаттығулар өткізбек.

Жоба тек жас футболшылардың дайындығын бақылаумен шектелмейді. Оның аясында талантты ойыншыларды ерте анықтау, оларды жеке дамыту, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және өңірлік футбол орталықтары мен ҚФФ арасындағы байланысты күшейту көзделген.

Қазіргі уақытта федерация «Елімай», «Каспий», «Атырау», «Ақтөбе», «Жас Қыран» және «Ордабасы» клубтарымен осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта бағдарламаға өзге клубтар мен академияларды да қосу жоспарланған.

Әр сапардан кейін клубтың қазіргі жағдайына баға беріліп, әрі қарай атқарылатын әдістемелік және ұйымдастырушылық жұмыстардың жоспары жасалады.

«Батыр жолы» жобасының негізгі мақсаты – балалар футболынан бастап ұлттық құрамалар деңгейіне дейін ойыншыларды даярлаудың ортақ жүйесін қалыптастыру.


Біздің серіктес: Sport12kz