1 сағат бұрын
Криштиану Роналду футболдағы мансабын аяқтауы мүмкін
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду футболдағы мансабын аяқтауы мүмкін екенін айтты.
41 жастағы шабуылшы қазіргі маусым кәсіби мансабындағы соңғы жыл болуы ықтимал екенін жеткізді.
«Бұл футболдағы соңғы жылым болуы мүмкін. Мансабымды керемет мұра қалдырып аяқтағым келеді», – деді Роналду Vogue басылымына берген сұхбатында.
Роналдудың «Аль-Наср» клубымен келісімшарты 2027 жылдың маусымына дейін жарамды. Бұған дейін футболшы мансабын аяқтайтын уақыты жақындағанын бірнеше рет айтқанымен, нақты мерзімін атамаған еді.
Өткен жылдың қарашасында Роналду футболда тағы бір-екі жыл ойнауы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ 2026 жылғы әлем чемпионаты Португалия құрамасымен бірге қатысатын соңғы мундиалі болатынын айтқан.
Португалия әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниядан жеңіліп, жарысты аяқтады. Роналду турнир барысында үш гол соқты.
Футболшы мансабын аяқтағаннан кейінгі өміріне де жоспар құрып қойғанын атап өтті. Ол отбасына көбірек уақыт бөлуді, саяхаттауды және падел ойнауды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Футболдан кейінгі бос орынды бір ғана іспен толтыру қиын. Сондықтан уақытымды әртүрлі дүниеге арнап, көбірек саяхаттап, падел ойнап, өмірден ләззат алғым келеді. Өйткені бұл 25 жыл бойы үлкен құрбандықты талап еткен кезең болды», – деді ол.
Айта кетейік, Роналду кәсіби мансабын «Спортинг» клубында бастап, кейін «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» және «Ювентус» командаларында ойнады. 2023 жылдан бері «Аль-Наср» сапында өнер көрсетіп келеді.
«Реал Мадрид» сапында өткізген тоғыз маусым футболшы мансабындағы ең нәтижелі кезең болды. Ол клуб үшін 438 матчта 450 гол соғып, команда тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Біздің серіктес: Sport12kz