3 сағат бұрын

«Андерлехт» бапкері «Қайратқа» қарсы матч алдындағы жоспарын айтты

«Андерлехт» бапкері «Қайратқа» қарсы матч алдындағы жоспарын айтты

Бельгиялық «Андерлехт» клубының бас бапкері Витор Бруну командасы Алматыда «Қайратқа» қарсы өтетін матчта жеңіске жетіп, Еуропа лигасының жалпы кезеңіне шығуды көздеп отырғанын айтты.

«Андерлехт» үшінші іріктеу кезеңінде екі матчтың қорытындысы бойынша грек ПАОК-ынан басым түсті. Енді бельгиялық клуб «Қайратпен» кездеседі. Алғашқы ойын 20 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді.

«Бұл жолдың соңы емес. Енді біз Еуропа лигасына жолдама алып, мүмкіндігінше алға жылжуды қалаймыз. Алматыдағы „Қайратқа“ қарсы матчқа да осындай мақсатпен барамыз. ПАОК-пен ойында мықты әрі талантты командаға қарсы нағыз тартысты кездесу өткіздік. Допқа иелік ету, прессинг және қарсы прессинг кезінде жақсы сәттеріміз болды», — деді Бруну.

Сонымен қатар маман команданың қорғаныстағы ойынына көңілі толмағанын жасырмады.

«Қорғаныстағы құрылымымыз маған ұнамады. ПАОК-ты жеңу үшін іс жүзінде мінсіз ойнауымыз керек еді. Мінсіз ойын көрсете алмадық, сондықтан түзетулер енгізуге тура келді. Дегенмен келесі кезеңге шығуға толық лайық болдық», — деді «Андерлехт» бапкері.

Еске салайық, «Қайрат» — «Андерлехт» жұбының жеңімпазы Еуропа лигасының жалпы кезеңінде ойнайды. Ал жеңілген команда Конференция лигасының негізгі кезеңіне қатысады.



Біздің серіктес: Sport12kz