11 сағат бұрын
Месси қарсыласын ұрғаны үшін жазаланды
«Интер Майами» капитаны Лионель Месси MLS чемпионатындағы «Филадельфия Юнионға» қарсы ойыннан кейін тәртіптік жазаға тартылды.
Лиганың тәртіптік комитеті аргентиналық футболшының қарсылас ойыншының беті, басы немесе мойнына қол тигізуге тыйым салатын талапты бұзғанын анықтады. Осыған байланысты Месси айыппұл төлеуге міндеттелді. Алайда оның нақты сомасы жарияланған жоқ.
Даулы жағдай матчтың 101-минутында болды. Месси «Филадельфия Юнион» шабуылшысы Куинн Салливанмен сөзге келіп қалғаннан кейін оның бет тұсына қолымен салып қалған. Дегенмен төреші ойын барысында Мессиді жазаламады.
Кейін эпизодты тәртіптік комитет қарап, футболшының әрекетіне баға берді. Нәтижесінде Мессиге айыппұл салу туралы шешім қабылданды.
Матч соңындағы жанжалға байланысты «Интер Майами» қорғаушысы Иэн Фрэй де жазаланды. Оған да айыппұл салынды.
Ал «Филадельфия Юнион» жартылай қорғаушысы Каван Салливанның қызыл қағазына қатысты шешім өзгерді. Тәуелсіз комиссия оның бір ойынға шеттетілуін және айыппұлын жойды.
Бұл — Мессидің MLS-тегі екінші тәртіптік жазасы. Ол 2025 жылдың ақпанында «Нью-Йорк Сити» бапкерлер штабының мүшесімен болған жанжалдан кейін де айыппұл арқалаған.
Айта кетейік, «Интер Майами» мен «Филадельфия Юнион» арасындағы кездесу 2:2 есебімен аяқталған.
Біздің серіктес: Sport12kz