8 сағат бұрын
Қазақстанның ЦП-футбол құрамасы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Қазақстанның ЦП-футболдан ұлттық құрамасы Англияның Лафборо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық футболшылар жарыс қожайыны «Лафборо» командасын 7:2 есебімен жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы ЦП-футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы дебютінде жүлдеге қол жеткізді. Бұл – ұлттық құрама үшін тарихи нәтиже.
IFCPF Men’s World Championships 2026 турнирі 15-24 тамыз аралығында Лафборо қаласында ұйымдастырылып жатыр. Биылғы додаға төрт команда – Қазақстан, Италия, АҚШ-тың CP Soccer командасы және жарыс қожайыны Loughborough Para Football қатысуда.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында АҚШ командасын 8:0 есебімен жеңіп, сәтті бастама жасаған. Кейін Италиядан 0:6 есебімен жеңілді. Топтық кезеңнің соңғы матчында отандастарымыз Loughborough Para Football командасын 9:3 есебімен ұтқан. Бұл нәтиже Қазақстанға плей-оффқа шығуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы ЦП-футболдан әлем чемпионатына тарихында алғаш рет қатысып отыр. Бұған дейін ұлттық құрама мұндай деңгейдегі додаға жолдама алмаған.
Осылайша, ЦП-футболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы тарихи дебютін қола медальмен аяқтады.
Біздің серіктес: Sport12kz