9 сағат бұрын
Сәтпаев негізгі құрамда шыққан матчта «Бернли» пенальтиден жеңілді
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін «Бернли» Англия лигасы кубогының екінші кезеңінде сенсациялық түрде турнирден шығып қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Бернли» сырт алаңда «Брэдфорд Ситиге» қарсы ойнап, негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмады. Кездесу 0:0 есебімен аяқталып, командалар бірден пенальти сериясына жүгінді.
11 метрлік соққылар сериясында «Брэдфорд Сити» 4:2 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің үшінші кезеңіне жолдама алды.
Матч алдында фаворит саналған «Бернли» Чемпионшипте өнер көрсетеді. Ал «Брэдфорд Сити» Англия футболының үшінші деңгейіндегі Лига 1-де ойнайды.
18 жастағы Дастан Сәтпаев бұл кездесуде алғаш рет «Бернлидің» негізгі құрамында алаңға шықты. Қазақстандық шабуылшы 80 минут ойнады. Кейін команда бас бапкері Ники Хайен оны Якоб Бруун Ларсенмен алмастырды.
Еске салайық, Сәтпаев «Бернли» сапындағы дебютін Чемпионшиптің екінші турында «Вест Бромвичке» қарсы өткізді. Ол кездесуге 57-минутта қосылған болатын. «Бернли» сол ойында 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Осылайша, Сәтпаевтың жаңа клубындағы алғашқы маусымы әзірге сәтсіз басталды. Алайда қазақстандық футболшы үшін Англия футболындағы ойын тәжірибесі артып келеді.
Біздің серіктес: Sport12kz