13 сағат бұрын
Сәтпаев «Бернли» сапында екінші рет негізгі құрамда ойнап, жоғары баға алды
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпионшиптің үшінші турында «Норвичке» қарсы матчта «Бернлидің» негізгі құрамында екінші рет қатарынан алаңға шықты, деп хабарлайды Sport12.kz.
18 жастағы футболшы кездесуді бастапқы құрамда бастап, алаңда 95 минут өткізді. Сәтпаев қарсылас қақпасына үш рет соққы жасап, 28 пастың 21-ін дәл орындады. Оның пас беру дәлдігі 75 пайызды құрады.
Қазақстандық шабуылшы матч барысында допқа 42 рет иелік етті. Оның алтауы «Норвичтің» айып алаңында болды. Сонымен қатар Сәтпаев жеті рет дриблинг жасап, оның үшеуін сәтті орындады.
Ойын қорытындысы бойынша Дастанға 7,6 балл қойылды. Бұл көрсеткіш матчқа қатысқан барлық футболшылар арасындағы үшінші нәтиже болды.
«Норвич» кездесуді өте сәтті бастап, алғашқы таймда үш гол соқты. Алаң иелері 2, 5 және 21-минуттарда мергендік танытты. «Бернли» 27-минутта бір голдың қарымтасын қайтарды.
Екінші таймда «Норвич» тағы бір гол соғып, матчтағы соңғы есепті белгіледі — 4:1.
Осылайша, Сәтпаев «Бернлидің» негізгі құрамында қатарынан екінші матчта алаңға шықты.
Біздің серіктес: Sport12kz