6 сағат бұрын

“Бернли”бас бапкері Дастан Сәтпаевтың денсаулығына байланысты шұғыл мәлімдеме жасады

“Бернли”бас бапкері Дастан Сәтпаевтың денсаулығына байланысты шұғыл мәлімдеме жасады

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев Англия Чемпионшипінің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы өткен кездесуде «Бернли» сапындағы үздік ойыншы атанды.

18 жастағы футболшы матчты негізгі құрамда бастады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Матч соңына қарай Дастан Сәтпаев алаңнан ауыстырылды. Ойыншы алаңнан шығар сәтте аяғын ұстап, жайсыздық сезінгенін байқатты. Бұл жағдай жанкүйерлерді алаңдатты.

Осыдан кейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен матчтан соң қазақстандық футболшының жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Сәтпаев медициналық тексеруден өтеді.

«Оны тексеруден өткізуіміз керек. Әзірге бұлшықеті құрысқан сияқты. Дастан жақсы матч өткізді. 18 жастағы ойыншының командаластарына үлгі болып жүргеніне қуаныштымын», — деді Хайен.

Бас бапкер жас шабуылшының матч бойы белсенділік танытып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанын атап өтті. Сонымен қатар Сәтпаевтың қарапайым мінезі мен жаттығудағы еңбекқорлығы команда мүшелерінің құрметіне ие болғанын жеткізді.

«Дастан жеңіске деген зор ынта танытып, ойынға белсенді араласты және бірнеше қауіпті сәт жасады. Командадағылардың бәрі оны сыйлайды. Ол — өте қарапайым, ақкөңіл жігіт. Тынымсыз еңбектеніп, алаңда нәтижеге ықпал етуге тырысады», — деді маман.

Хайен Чемпионшиптің физикалық тұрғыдан ауыр біріншілік екенін айтып, жас футболшыны шамадан тыс жүктемеден қорғауға тырысып жүргендерін жеткізді.

«Ол жаңа ортаға бейімделіп келеді. Англиядағы лига өте қатал, сондықтан біз оны қорғауға тырысамыз. Бұл жолы бұлшықеті құрысқан сияқты. Ауыр жарақат болмайды деп үміттенеміз. Мұндай қарқында 90 минут ойнау тәжірибелі футболшылардың өзіне қиын, ал Дастан әлі өте жас», — деді «Бернли» бапкері.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаевтың 5 қыркүйекте «Бристоль Ситиге» қарсы өтетін келесі кездесуге қатысу-қатыспауы медициналық тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.


Біздің серіктес: Sport12kz