5 сағат бұрын
Луиш Мата Сәтпаевтың орнын баса алады ма?
Алматылық «Қайраттың» португалиялық қорғаушысы Луиш Мата алаңдағы жаңа рөлі, команданың жеңісті сериясы және ҚПЛ турнирлік кестесіндегі көшбасшылыққа қайта оралуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Мен үшін ең бастысы — командаға көмектесе алуым. Сол қанатта ойнаған өзіме ұнайды. Әрине, негізгі позициям — сол жақ қорғаушы, бірақ жаттықтырушы мені алға шығарып отыр. Алаңда бар күшімді саламын. Қақпада ойнасам да (күледі), әр позицияда барымды беремін. Сондықтан командаға көмектесіп жүргеніме қуаныштымын. Ең бастысы — чемпионатта қатарынан он жеңіске жеттік. Енді осы қарқынды жалғастырып, қарапайымдылықты сақтай білуіміз керек», — деді Мата.
Португалиялық футболшыдан Дастан Сәтпаев кеткеннен кейін оның нәтижелілігін алмастыруға тырысып жүр ме деген сұраққа күлімсіреп жауап берді.
«Жоқ, жоқ, жоқ (күледі). Әр ойыншының өз ерекшелігі бар. Әрине, гол соғып жүргеніме қуаныштымын. Бірақ ең бастысы — «Қайраттың» жеңісті жалғастыруы. Гол соқтым ба, жоқ па — бұл туралы ойламаймын. Өткен жылы мүлде гол соққан жоқпын және оған қатты мән бермеймін. Мүмкіндік туғанда гол соғу әрқашан жағымды. Бұл керемет сезім. Командадағы атмосфера тамаша, біз қарапайымдылықты сақтап, бірлікте ойнап жүрміз. Қазір бірінші орындамыз, бірақ келесі матчтардан басқа ештеңені ойлап жатқан жоқпыз», — деді ол.
Мата алдағы «Тобылға» қарсы ойын туралы да пікір білдірді.
«Тығыз ойын кестесіне үйреніп қалдық. Жаз бойы аптасына екі матчтан ойнадық. Қазір «Тобылға» дайындалуға бірнеше күніміз бар және бар назарымыз сол кездесуге бағытталған. Алдымызда екі ойын бар, содан кейін ұзақ үзіліс болады. Бұл өте қиын матч болмақ, өйткені олардың мықты командасы бар. Біз бар күшімізді салып, алға жылжуымыз керек.
Конференция лигасына келсек, бұл туралы сөйлесуге әлі уақытымыз болады. Әрине, іріктеуден өткенімізге қуаныштымыз. Ол турнирде Қазақстан мен «Қайраттың» намысын қорғауға қуаныштымыз. Қазір басты назарымыз чемпионаттағы келесі матчтарда болуы керек. Конференция лигасының ойындары басталғанда бұл туралы сөйлесеміз», — деді футболшы.
Еске салайық, ҚПЛ-дың кейінге шегерілген 21-туры аясындағы матчта «Қайрат» елордалық «Жеңісті» 3:0 есебімен жеңді. 20-минутта Эдмилсон есеп ашса, екінші таймда Марк Гуаль айырмашылықты арттырды. Ал 86-минутта Луиш Мата Азамат Тұяқбаевтың пасын голға айналдырып, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Осы жеңістің арқасында чемпионат аяқталуына алты тур қалғанда алматылық клуб ҚПЛ турнирлік кестесінде көш бастады. «Қайрат» екінші орында тұрған шымкенттік «Ордабасыдан» екі ұпайға озып тұр.
Біздің серіктес: Sport12kz