3 сағат бұрын
«Қайрат» Бабаянның мәлімдемесіне жауап берді
Алматылық «Қайрат» клубы әлеуметтік желідегі парақшасында «Астана» бас бапкері Григорий Бабаянның мәлімдемесіне қатысты ресми ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Футбол клубы „Қайрат“ матчтан кейін „Астана“ бас бапкері Григорий Бабаянның айтқан сөздеріне байланысты өз ұстанымын білдіруді қажет деп санайды.
Ең алдымен, „Қайрат“ футбол клубы „Астанамен“ матчты кейінге қалдыруға кедергі келтірді деген мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын атап өткіміз келеді.
Қазақстан Премьер-лигасының 19-туры аясындағы „Қайрат“ – „Астана“ матчы бастапқыда 2024 жылдың 31 тамызына жоспарланған болатын. Алайда кездесу белгіленген тәртіппен 1 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл шешім „Астананың“ УЕФА Конференция лигасының іріктеу матчтарына қатысуына байланысты 2024 жылдың 21 тамызында ресми түрде жарияланды. Сондықтан „Қайрат“ клубы бұл кездесудің кейінге шегерілуіне қандай да бір жолмен кедергі келтірді деу дұрыс емес.
Сонымен қатар 2024 жылы екі клубтың өзара әрекеттесуіне қатысты бірнеше жайтты еске салғымыз келеді.
„Астана“ өз матчтарын Алматыда өткізген кезеңде „Қайрат“ клубының мамандары Алматы Орталық стадионының футбол алаңын дайындау және оған қызмет көрсету жұмыстарына тікелей қатысты. Олар елордалық клубтың матчтарын өткізуіне қажетті жағдайды қамтамасыз етті.
Осыған байланысты „Қайрат“ футбол клубы „Астанаға“ Алматыдағы ойындары кезінде ешқандай қолдау көрсетпеді деген мәлімдеме де шындыққа жанаспайды», — делінген алматылық клубтың Instagram-дағы ресми парақшасындағы хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін «Астана» ҚПЛ-дың 27-туры аясындағы матчта «Қайратты» 1:0 есебімен жеңген болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz