7 сағат бұрын
Құралбек Ордабаев құрмет белгісімен марапатталды
Фото: ҚФФ
«Қайрат» футбол клубының бұқаралық футболды дамыту бөлімінің басшысы Құралбек Досжанұлы Ордабаев «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» І дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл марапат Құралбек Ордабаевқа бұқаралық футболды дамытуға және насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталды.
Құралбек Ордабаев балаларды, жастарды және халықты футболмен тұрақты түрде айналысуына бағытталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Оның қызметі балалар-жасөспірімдер және әуесқой футболын дамытуға, сондай-ақ футбол инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Құралбек Ордабаевтың көп жылғы еңбегі халық арасында футболды кеңінен насихаттауға, спортпен шұғылдануға деген қызығушылықты арттыруға, спорт резервін қалыптастыруға және Қазақстандағы бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Құралбек Ордабаев – Шымкент футболының түлегі. Ол спорттық мансабын жергілікті «Мелиоратор» командасында бастап, 1971 жылы Алматының «Қайрат» клубына шақырылды. Ұзақ жылдар бойы команда сапында негізгі қақпашы болды. Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін «Қайрат» командасының бастығы болып жұмыс істеді, Қазақстан футбол федерациясында түрлі басшылық қызметтер атқарды, соның ішінде федерация президенті болды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ұлттар лигасында Фарер аралдары құрамасы Қазақстанға қарсы құрамын жариялады.
Біздің серіктес: Sport12kz