2 сағат бұрын
Тартысқа толы ойын: Қазақстан жастар құрамасы Англияға есе жіберді
Фото: ҚФФ
Футболдан Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы бүгін, 25 қыркүйекте Англияға қарсы ойын өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл кездесу Вулверхэмптон қаласындағы «Молине» стадионында өтті.
Кездесу қазақстандық футболшылар үшін сәтті басталды. Ойынның 3-минутында шабуылшы Артем Литош Англия қақпасынан саңылау тауып кетті.
Өз қақпасынан гол жіберіп алған ағылшындық құрама шабуылды үдетіп, гол соғу үшін алға қарай ұмтылды. Осындай шабуылдың бірінде 26-минутта қазақстандық Әли Тұрғанов өз қақпасына гол соғып алды. Одан кейін 32-минутта Джошуа Ачимпонг Англия құрамасын алға шығарса, 43-минутта қазақстандық Сэйф Попов таразы басын теңестірді.
Ойынның 62-минутында Англия құрамасынан Макс Аллейн мергендік танытса, Уилл Ланкшир 91-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша Қазақстан жастар құрамасы қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Ойыншылар тізімі:
Қақпашылар: Саятхан Құсайынов («Тұран»), Шерхан Қалмұрза («Қайрат»), Мирас Рихард («Ертіс»).
Қорғаушылар: Сұлтан Асқаров, Саламат Жұмабеков (екеуі де - «Қайсар»), Санжар Әнуаров («Астана»), Әли Тұрғанов («Ордабасы»), Рамазан Кәрімов, Сағи Мәлікайдар (екеуі де – «Ертіс»), Сергей Иванов («Алтай»).
Жартылай қорғаушылар: Сэйф Попов («Алтай»), Ахметали Қалтанов («Астана»), Жансұлтан Мұхамедханов («Оқжетпес»), Мұхамедәлі Әбіш, Олжас Байбек («Қайрат»), Мирас Оматай («Елімай»), Әбинұр Нұрымбет («Ордабасы»), Никита Губарев («Қызылжар»)
Шабуылшылар: Мағжан Тоқтыбай («Ордабасы»), Мақсат Абраев («Астана»), Мансұр Бірқұрманов («Қайрат»), Артем Литош («Шахтер»), Ян Труфанов («Атырау»).
Енді Владимир Чебурин жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы Ирландияға аттанып, Корк қаласындағы «Тернерс Кросс» стадионында 29 қыркүйекте алаң иелерімен кездеседі. Ал ойындар сериясы 6 қазанда Молдованың Ниспорены қаласында жергілікті құрамамен «Ниспорены Центральный» стадионында өтетін матчпен аяқталады.
Отандастарымыз турнир кестесінде 7 ойыннан кейін 4 ұпаймен 6-орында келеді. Қазірге дейін Андорраны 1:0 есебімен жеңіп, Молдовамен 1:1 еесбімен тең түссе, Англиядан 0:2, Андоррадан 0:1, Словакиядан 1:2, 1:3 және Ирландиядан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Біздің серіктес: Sport12kz