5 сағат бұрын
Джон ван ’т Схип: Словакияға қарсы ойында өз мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек
Фото: ҚФФ
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип Словакияға қарсы Ұлттар лигасының екінші туры алдындағы баспасөз мәслихатында алдағы кездесуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды SPORT12.KZ.
Словакия – топ фавориті
Бас бапкердің айтуынша, Қазақстанды рейтинг бойынша топтағы ең мықты саналатын командаға қарсы өте қиын кездесу күтіп тұр.
«Бұл топтағы екінші ойынымыз және тағы да сырт алаңда өнер көрсетеміз. Бұл жолы қарсыласымыз – Молдованы жеңіп үлгерген Словакия. Олар топтағы басты фаворит әрі рейтингі де жоғары.
Молдоваға қарсы ойынын көрдім. Словакияның қалай ойнайтынын жақсы білеміз. Олардың әр шебінде тәжірибелі футболшылар бар, қорғаныс шебі де өте сенімді. Әсіресе допты тартып алғаннан кейінгі жылдам шабуылдары қауіпті. Нақты бір ойыншыны бөліп көрсетудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – өте мықты команда және кез келген сәтте ойын тағдырын шеше алатын футболшылары бар.
Словакиялық бапкердің өз алаңында ойнайтындықтан үш ұпай алғысы келетінін түсінемін. Олар – фаворит. Бірақ футболда кез келген жағдай болуы мүмкін. Біз күресе аламыз және жақсы футбол көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы – олардың қысымынан шығудың жолын тауып, допқа иелік ету кезінде қателеспеу. Әр ойында мүмкіндік болады. Ертеңгі кездесуде де сондай сәттерді тауып, оларды тиімді пайдалануымыз қажет», – деді ван ’т Схип.
Фарер аралдарындағы матчтан айырмашылығы
Қазақстандық маман Фарер аралдарына қарсы алғашқы кездесудің де оңай болмағанын атап өтті.
«Фарер аралдарындағы ойынды жүйкелі бастадық. Дегенмен матч барысында жағдайды бақылауымызға алдық. Көп мүмкіндік жасаған жоқпыз, бірақ 1:1 есебі – турнирді бастау үшін жаман нәтиже емес.
Ол жаққа жетудің өзі қиын болды, ауа райы да қолайсыз еді. Оның үстіне жасанды алаңда ойнадық. Кейбір футболшылар мұндай жабындыға көбірек үйренген, енді біреулеріне қиындау болды.
Ертең табиғи алаңда ойнаймыз. Ауа райы да жақсырақ. Бірақ қарсыласымыз әлдеқайда мықты. Футболшы ретінде осындай деңгейдегі командалармен кездесуді әрдайым күтесің. Өйткені өз күшіңді мықты қарсыласқа қарсы сынағың келеді.
Қазір қалпына келу процесі жоспар бойынша жүріп жатыр. Құрамда күрделі мәселе жоқ. Командадағы көңіл-күй өте жақсы. Кешкі жаттығудан кейін барлық ойыншы ертеңгі матчқа толық дайын болады деп үміттенемін. Жігіттердің барлығы жақсы ойын өткізе алатынымызға сенімді», – деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Исламханның көшбасшылық қасиеті
Ван ’т Схип Қазақстан капитаны Бауыржан Исламханның командадағы рөліне де тоқталды.
«Исламхан – тәжірибесі мол, өте жақсы футболшы. Ұлттық құрамадағы ойыншылар оны қатты құрметтейді. Ол алаңда да, алаңнан тыс жерде де көшбасшылық қасиетін көрсетіп жүр.
Фарер аралдарына қарсы кездесуде де ауыстырылғанға дейін бар күшін салды. Ол өзгелерге дұрыс үлгі көрсетеді. Біз капитанымыздан дәл осындай қасиетті көргіміз келеді», – деді маман.
Дадаев пен Попов туралы
Бас бапкер Ибрагим Дадаев пен Сейф Поповтың ұлттық құрамаға шақырылуы жөніндегі сұраққа да жауап берді.
«Қазіргі таңда Ибрагим Дадаев пен Сейф Поповты шақыруды қарастырып отырған жоқпын. Қазіргi құрамға толық сенемін. Біз әр футболшыны бақылап отырамыз. Бірақ дәл қазір командада жоқ ойыншылар туралы айтудың қажеті жоқ.
Қазір біздің қарамағымызда жүрген футболшыларға назар аударуымыз керек. Мен олардың мүмкіндіктеріне толық сенемін. Енді олардың міндеті – алаңда өз деңгейін көрсетіп, ұлттық құрамада ойнауға лайық екенін дәлелдеу», – деді Джон ван ’т Схип.
Қазақстан мен Словакия арасындағы Ұлттар лигасының екінші тур матчы 29 қыркүйекте Кошице қаласындағы «Кошицка футбольна аренада» өтеді. Кездесу Астана уақытымен 23:45-те басталады. Матчты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Біздің серіктес: Sport12kz