4 сағат бұрын
Футболшы Гүлнара Габелиа карьерасын аяқтады
«БИІК-Шымкенттің» сұрмергені, клуб тарихындағы ең танымал футболшылардың бірі Гүлнара Габелиа кәсіби карьерасын аяқтады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Тәжірибелі футболшы өзінің соңғы маусымын чемпиондықпен түйіндеді. Габелианың өзі бұл жетістікті 14-ші чемпиондығы деп атап, карьерасының дәл осылай аяқталатынын күтпегенін жеткізді.
«Бұдан артық карьераның аяқталуын ойлап табу мүмкін емес. 14-ші чемпиондық. Футболдағы жолым дәл осылай аяқталады деп тіпті елестете алмадым. Әдемі финалды армандадым, бірақ шындық барлық күткенімнен асып түсті. Бұл ерекше сәт жүрегімде мәңгі қалады», – деп жазды Гүлнара Габелиа.
Габелиа маусымды жеке көрсеткіші бойынша да ерекше нәтижемен аяқтады. 2026 жылғы чемпионатта ол 16 матч өткізіп, 42 гол соқты. Осы көрсеткішпен Габелиа А конференциясының үздік сұрмергені атанды.
Грузияда дүниеге келген футболшы карьерасының алғашқы кезеңінде Батуми мен Тбилисидің «Динамо» командаларында ойнап, кейін Түркияның «Трабзонспор» клубында өнер көрсетті. 2009 жылдан бастап Шымкент клубының намысын қорғады. Ұзақ жылдар ішінде ол «БИІК-Шымкенттің» негізгі ойыншыларының біріне және клубтың символына айналды.
Габелианың команда алдындағы еңбегін «БИІК-Шымкент» ерекше шешіммен бағалады. Клуб №7 ойын нөмірін мәңгілікке Гүлнара Габелианың атына бекітті.
Біздің серіктес: Sport12kz