7 сағат бұрын
«Тұран» Премьер-лиганың екінші жолдамасына ие болды
Фото: «Тұран» футбол клубы
Футболдан Бірінші лигада 2026 жылғы маусымда Премьер-лигаға жолдама алған екі команда белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бүгін мұндай мүмкіндікке Түркістанның «Тұран» клубы қол жеткізді. Турнир кестесінде төртінші орында келе жатқан Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасы сырт алаңда Қарағандының «Шахтеріне» 0:2 есебімен жол берді.
Енді олар үздік үштікті түйіндеп тұрған «Тұранға» қуып жете алмайды. Нәтижесінде түркістандық клуб екі тур бұрын Премьер-лига жолдамасына қол жеткізді.
Турнир кестесінде екінші орында тұрған «Қайрат-2» клубы фарм-клуб жарыс ережесіне сәйкес Премьер-лигаға шыға алмайды.
Сондай-ақ бұған дейін «Шахтер» алдағы жылы үздіктер қатарына қосылуға жолдама алып үлгерген еді.
Бірінші лигада 8 қазанда тағы үш ойын өткізілді. Түркістан облысының «Арысы» сырт алаңда Семейдің «Елімай-2» клубын 3:2 есебімен сүріндіріп, қатарынан төртінші жеңісін тойлады.
Ал «Ақтөбе-2» мен «Тобыл-2» (Қостанай) 4:4 есебіне қанағат білдірсе, ақтаулық «Каспий-2» өз алаңында «Астана-2» клубын 6:0 есебімен қапы қалдырды.
Енді 9 қазанда «Батыр» (Павлодар облысы) - «Хан тәңірі» (Алматы), «Хан тәңірі» (Алматы) - «Қайрат-2» (Алматы), «Жайық» (Орал) - «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады.
Біздің серіктес: Sport12kz