6 сағат бұрын
ҚФФ нұсқаушылары мен тәлімгерлерін даярлау және дамыту курсы өтіп жатыр
Фото: ҚФФ
2026 жылдың 12-16 қазан аралығында Алматы қаласында Қазақстан футбол федерациясының нұсқаушылары мен тәлімгерлерін даярлау және дамыту курсы өтуде. Оқу бағдарламасына 22 маман қатысып жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Курстың басты мақсаты – футбол бапкерлерін даярлауда жаңа тәсілді қалыптастыру. Бұл тәсілде нұсқаушы тек кәсіби білім беруші ғана емес, сонымен қатар бапкердің дербес ойлау қабілетін дамытатын, оның жұмысын талдап, нақты футболдағы жағдайларда тиімді шешім табуға көмектесетін тәлімгер рөлін де атқарады.
Бес күндік бағдарлама қазіргі педагогика мен бапкерлерге білім беру әдіснамасының негізгі бағыттарын қамтиды. Қатысушылар ересектерді оқыту қағидаларын, сыни ойлауды дамытуды, оқу процесін ұйымдастыру әдістерін, кәсіби коммуникацияны, бағалау жүйесін және тиімді кері байланыс орнату жолдарын меңгереді.
Оқудың практикалық бағытына баса мән беріліп отыр. Нұсқаушының теориялық білімді жаттығу процесімен ұштастыра білу қабілетіне ерекше назар аударылады.
Практикалық сабақтарда жаттығу процесін ұйымдастыру мен өткізу ерекшеліктері, бапкердің жұмысын бақылау және талдау әдістері, сұрақ қоя білу, сындарлы кері байланыс беру мен кәсіби рефлексия мәселелері қарастырылады. Нұсқаушылар мен тәлімгерлердің оқу барысында бапкерлерге бағыт-бағдар беру және олардың кәсіби біліктілігін арттыру дағдыларын дамытуға басты назар аударылады.
Сонымен қатар, практикалық бөлімде оқу сабақтарын дербес әзірлеу, теориялық материалды таныстыру және футбол алаңында жаттығу өткізу қарастырылған. Мұндай тәсіл алған білімді бекітіп қана қоймай, бапкерлерге білім беру жүйесінде өздігінен жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Нұсқаушылар мен тәлімгерлер институтын дамытудың қазақстандық футбол үшін стратегиялық маңызы зор. Дәл осы мамандар заманауи білімді жеткізіп, бірыңғай оқу стандарттарын енгізуді және бапкерлерді дайындаудың әртүрлі кезеңдерінде олардың кәсіби деңгейін көтеруді қамтамасыз етеді.
Нұсқаушылар корпусын жүйелі түрде дамыту ұлттық бапкерлерге білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға, УЕФА-ның лицензияланған курстарын іске асыру тиімділігін арттыруға және Қазақстан өңірлеріндегі бапкерлердің кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Қазақстан футбол федерациясы бапкерлерге білім беру саласын дамытуды отандық футболдың ұзақ мерзімді өсімінің іргелі факторларының бірі ретінде қарастырады. Білікті нұсқаушылар мен тәлімгерлерді даярлау бапкерлер жұмысының сапасын арттыруға, футболшыларды дайындау процесін жақсартуға және еліміздегі футболдың тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Еске салсақ, ҚФФ төрешілік және қадағалау департаменті 2026 жылғы Екінші лиганың 25-тур матчтарына қызмет көрсететін төрешілерді анықтады.
Біздің серіктес: Sport12kz