10 сағат бұрын
ҚПЛ: «Алтай» мен «Атырау» тең нәтижеге қанағат білдірді
Фото: «Алтай» футбол клубы
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған ХХІІІ турының екінші ойын күні, 18 қазанда «Алтай» (Өскемен) - «Атырау» кездесуінің нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Командалар турнир кестесінде төменгі орындарда келеді. Олардың екеуі де Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу міндетін әлі орындай қойған жоқ. Сондықтан олар алғашқы минуттан алға қарай ұмтылып, толассыз шабуылға иек артты.
Ойынның 33-минутында «Алтай» сапынан Ибрагим Дадаев есеп ашса, оған «Атырау» сапынан Константин Дорофеев 92-минутта бір голмен жауап қайырды.
Нәтижесінде командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Дәл қазір «Елімай» (Семей) - «Ұлытау» (Жезқазған) кездесуі өтіп жатыр.
Ал 18:00-де «Қайрат» (Алматы) - «Ертіс» (Павлодар), 19:00-де «Астана» - «Каспий» (Ақтау) жасыл алаңға шығады.
Айта кетсек, бұдан бұрын өз алаңында «Ақтөбе» Шымкенттің «Ордабасы» клубына 1:3 есебімен есе жіберсе, қостанайлық «Тобыл» Астананың «Жеңісін» 4:2, көкшетаулық «Оқжетпес» Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0, талдықорғандық «Жетісу» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен жеңді.
Біздің серіктес: Sport12kz