18.02.2025
Әлиевтің эксперименті: Жас ойыншылар сенімді ақтады ма?

Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстан құрамасы 17 ақпанда Солтүстік Кореямен жолдастық кездесу өткізіп, 0:2 есебімен жеңіліс тапты
Қарсылас команда сапында қос голды да 10-шы нөмірлі футболшы Хан Кван-Сонг соқты.
Ресми деректерге сүйенсек, қос команда осыған дейін бір рет өзара кездескен. 2006 жылдың ақпан айында, Кипрде өткен жолдастық матчта есеп ашылмаған.
Осылайша, ел құрамасы Түркияның Белек қаласында өткізген оқу-жаттығу жиыны аясында бірде-бір жеңіске жете алмады. Бұған дейін жігіттер өзбекстандық «Локомотив» клубымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түскен еді.
Айта кететін нәрсе, бұл жиын бас бапкер Әли Әлиевтің жас ойыншылардың әлеуетін бағамдап көру үшін ғана өткізілді.
Сондықтан, екі жолдастық кездесудегі сәтсіздікті нашар нәтиже деп қабылдауға да болмайды. Бұл сөзімізді Әли Әлиевтің өзі де растады.
— Бүгінгі ойын құрамамыз үшін сәтті болды деп айта аламын. Матчтың оң тұсын теріс жағына қарағанда көбірек аңғардым. Шыны керек, бүгінгі ойын біраз жігіттердің әлеуетінің зор екенін көрсетті. Мәселен, Мұхамед Алияр, Наурызбек Жагоров және Мәди Хасейн сынды ойыншылар ұлттық құрамада ойнай алатынын дәлелдеді.
Көңілімнен шықпаған нәрсе — матч барысындағы жіберуге болмайтын қателіктер мен басымдықты ойынның соңына дейін ұстап қала алмағанымыз, — деді Әли Әлиев.
Сонымен қатар бас бапкер наурыздағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысатын бірінші құрам туралы да тілге тиек етті.
— Иә, біз наурыз айында құрама ойыншыларын жасақтаймыз. Оларға физикалық тапсырма беріп, тактикалық материалдар ұсынамыз. Мені уайымдататыны — Зайнутдиновтың жарақаты, Оразов, Әліп сынды ойыншылардың ойын тәжірибесі жоқтығы. Сондықтан олардың физикалық дайындықтарын пысықтап, жаңа маусымға даярлаймыз, — деді құрама бас бапкері.
Сөз соңында Әли Ханалиұлы оқу-жаттығу жиынындағы көрсеткіштерді бағамдап, сараптама Қазақстан футбол федерациясына есеп ретінде табысталатынын жеткізді.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльс, Лихтенштейн, Солтүстік Македония және Бельгия командаларымен бірге J тобына түсті.
Ұлттық құрама іріктеу кезеңін 23 наурыз күні сырт алаңда Уэльске қарсы ойынмен бастайды. Үш күннен соң Лихтенштейнмен кездесеміз. Екі ойын да сырт алаңда өтеді.
