05.01.2026
«Қайрат» әлемнің үздік клубы үшін таласады
Алматылық «Қайрат» футзал клубы Futsal Planet Awards 2025 сыйлығының үміткерлері қатарына енді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық команда «Әлемнің үздік клубы» номинациясында бақ сынайды. «Қайраттың» басты қарсыластары қатарында Испанияның «Картахена» мен «Пальма», Аргентинаның «Бока Хуниорс», Таиландтың «Хонген Тхакам», Бразилияның «Жарагуа», Италияның «Мета Катания» және Уругвайдың «Пеньяроль» клубтары бар. Марапат иегері 2026 жылдың 7 қаңтарында белгілі болады.
Еске салайық, 2024/25 маусымында «Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының финалына дейін жетіп, шешуші ойында Испанияның «Пальмасына» 4:9 есебімен жол берген еді. Бұл нәтиже клуб тарихындағы ең табысты маусымдардың бірі ретінде бағаланды.
Futsal Planet Awards тізіміне ену — «Қайраттың» халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін көрсетеді. Алматылық ұжым соңғы жылдары тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, әлемнің үздік футзал клубтарының қатарында екенін дәлелдеп келеді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!