4 күн бұрын
Қазақ футзалы қазақша сөйлейді
Астана қаласындағы Футбол үйінде Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрманның қатысуымен футзал ережелері мен терминдері қазақ тіліне аударылған кітаптың тұсаукесері өтті.
Бұл – еліміздегі футзалды дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі. Енді ойыншылар, жаттықтырушылар, төрешілер және футзалға қызығушылық танытқан кез келген адам ойын ережелерін ана тілінде оқып, терең меңгере алады.
Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман бұл еңбектің қазақ футзалы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Футзал мінезді шыңдайды, ойлау қабілетін дамытады және адамдарды біріктіреді. Ал ережелерді терең білу – шеберлік пен әділ ойынның негізі. Бұл кітап тағдырын футзалмен байланыстырған жандардың барлығына сенімді көмекші болып, елімізде осы спорт түрінің одан әрі дамуына жаңа серпін береді деп сенемін, – деді ол.
Кітаптың жарық көруіне «BELES» компаниясы қолдау көрсетті.
Компанияның бас директоры Махат Төрәлі мұндай бастамалардың ұлттық спорт пен қазақ тілінің дамуына қосатын үлесі ерекше екенін айтты.
– Ұлт рухын көтеретін спорт пен ана тіліміздің дамуына қызмет ететін бұл еңбектің жарық көруіне қолдау көрсету – біз үшін зор мәртебе. Біз тек футзалдың ғана емес, жалпы спорттың және қазақ тілінің жанашыры ретінде осындай игі бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Бұл кітап жас ұрпаққа жігер беріп, ұлттық спорт әдебиетінің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін, – деді Махат Төрәлі.
Іс-шара соңында Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен «BELES» компаниясының бас директоры Махат Төрәліге алғыс білдіріп, естелік ретінде футзал добы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жейдесін табыстады.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан