3 күн бұрын
«Астана» қаржылық қиындыққа байланысты Қазақстан кубогынан бас тартты
«Астана» футзал клубы 2026/2027 жылғы маусымдағы Қазақстан кубогының алдын ала кезеңінің екінші және үшінші турларына қатыспайды.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, елордалық команда мұндай шешімді қаржылық жағдайына байланысты қабылдаған. Клуб алдағы кездесулерге қатысуға қажетті шығындарды өтеу мүмкіндігі жоқ екенін федерацияға ресми түрде хабарлаған.
Соған қарамастан, «Астана» маусымды толық тоқтатпайды. Клуб 2026/2027 жылғы Қазақстан футзал Суперлигасына қатысуды жоспарлап отыр.
Команда басшылығы қазіргі уақытта қаржылық жағдайды тұрақтандыру және туындаған мәселелерді шешу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Клуб өкілдері қиындықтар жақын арада реттеліп, команданың Суперлигадағы ойындарға толыққанды қатысуына мүмкіндік болады деп үміттенеді.
Ал Қазақстан кубогының екінші және үшінші турларына қатыспауға байланысты шешімдерді, соның ішінде клубқа қолданылатын шаралар мен өтпей қалған матчтардың нәтижесін ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және әдеп комитеті қабылдайды.
Біздің серіктес: Sport12kz