11.09.2026

Астанада Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы таныстырылды

Астанада Қазақстан кәсіпқой футзал лигасы таныстырылды

Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясының ғимаратында Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының іске қосылуына арналған таныстырылым өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.

Қазақстанда алғаш рет футзалдан кәсіпқой жарыстар жаңа тәуелсіз құрылымның басқаруына өтті. Іс-шараға ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн және ҚКФЛ президенті Талғат Қосмұхамбетов қатысты.

Таныстырылым барысында тараптар Қазақстан Республикасы Суперлигасының командалары арасындағы чемпионатты өткізу құқықтарын беру туралы келісімге ресми түрде қол қойды.

Ұйым басшылары лиганың жаңа жұмыс моделін, оның құрылымы мен негізгі міндеттерін таныстырып, жүргізіліп жатқан реформаның клубтардың дамуына, ұлттық құрамалардың резервін қалыптастыруға және жанкүйерлермен жұмысқа қалай әсер ететіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн жобаның негізгі міндеттеріне тоқталып, жаңа құрылымның елдегі кәсіпқой футбол мен футзалдың дамуына қалай әсер ететінін түсіндірді:

«Бірнеше ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілген осы жобаны аяқтағанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін бұл – футзалды дамытуға толықтай бағытталған кәсіби мамандар тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚФФ ұлттық, балалар-жасөспірімдер және әйелдер құрамалары жобаларын операциялық тұрғыдан басқаруды жалғастырады. Сонымен қатар жарыстардың лига басқаруына берілуі кәсіпқой футзалдың дамуына және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, FIFA-мен бірлесіп VAR жүйесін интеграциялау бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Қазір Қазақстан футзалы әлемдік рейтингте 8-орында тұр. Біз Еуропада да, әлемдік аренада да үлкен жетістіктерге жетуге нақты әлеуетіміз бар деп есептейміз. Кәсіпқой чемпионат деңгейінің жоғарылауы ойыншылар шеберлігінің артуына, соның нәтижесінде ұлттық құраманың күшеюіне ықпал етеді. Жаңа лиганың басшысы Талғат Қосмұхамбетовпен бірлескен жұмысымыз алға жылжу үшін сенімді негіз болады».

Өз кезегінде ҚКФЛ басшысы Талғат Қосмұхамбетов чемпионатты коммерцияландыру және техникалық жаңашылдықтарды енгізу бағытындағы стратегиялық қадамдарға тоқталды:

«Ең алдымен, бізге сенім білдірген Қазақстан футбол федерациясына алғысымды білдіргім келеді. Кәсіпқой футзал лигасын құру – біз үшін үлкен жауапкершілік. ҚКФЛ қызметі кәсіпқой футзалды дамытуға, оны коммерцияландыруға, клубтарға қолдау көрсетуге және демеушілер тартуға бағытталады.

Жаңа маусымда алты камераны пайдалана отырып, бейнесүйемелдеу (VAR) жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл төрешілерге дұрыс шешім қабылдауға көмектесіп, матч нәтижелерінің әділдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар клубтар арасында маркетинг чемпионаты іске қосылады. Оның аясында жанкүйерлерді тарту, түрлі іс-шаралар өткізу және Matchday ұйымдастыру бағыттарындағы клубтардың жұмысы бағаланып, ынталандырылады.

Тағы бір маңызды басымдық – балалар-жасөспірімдер футболы. Сапалы чемпионат және клуб құрылымында U-13-тен U-19-ға дейінгі академиялардың міндетті түрде болуы Қазақстанның жасөспірімдер және ұлттық құрамалары үшін кадрлық резерв қалыптастырады.

Жаңа Суперлига маусымы сенбі күні басталады. Барлық жанкүйерлерді трибуналарға келіп, сүйікті командаларына қолдау көрсетуге шақырамыз!»


Біздің серіктес: Sport12kz