23.09.2026

«Астана» футзал клубы қызметін тоқтатуы мүмкін

«Астана» футзал клубы қызметін тоқтатуы мүмкін

Елордалық «Астана» футзал клубы банкроттық рәсімін бастайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.

Клубтың хабарлауынша, соңғы маусымда команда мемлекеттік қаржыландырусыз өнер көрсетіп, негізінен жеке қаражат есебінен жұмыс істеген. Маусым бойы клуб басшылығы команданың күнделікті қызметін, матчтар мен сырт алаңдағы ойындарға баруын, сондай-ақ ойыншылар, жаттықтырушылар мен қызметкерлердің жұмысын өз қаражаты есебінен қамтамасыз еткен.

Мемлекеттік бюджеттен тұрақты қаржыландыру болмағанына қарамастан, клуб қызметін тоқтатпай, Қазақстан чемпионатында Астана қаласының намысын қорғауды жалғастырған.

Алайда команданы ұзақ уақыт бойы жеке қаражат есебінен қаржыландыру қаржылық тұрғыдан қиынға соғып, жинақталған міндеттемелер клубтың бұрынғы форматта жұмысын жалғастыруына мүмкіндік бермеген.

«Астана» футзал клубы 2019 жылы ресми түрде тіркеліп, 2020 жылы Қазақстан Суперлигасында дебют жасаған. Команданың республикалық және халықаралық аренада әзірге жүлдесі жоқ. Клубтың негізгі жетістіктері — Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіндегі ширек финалға шығуы және ел кубогының топтық кезеңінде үшінші орын алуы.



Біздің серіктес: Sport12kz