5 күн бұрын
Бүгін хоккейден әлем чемпионатының сегізінші ойын күні өтеді
Фото: iihf.com
Бүгін шайбалы хоккейден элиталық дивизионда 2026 жылғы әлем чемпионатының сегізінші ойын күні, 22 мамырда төрт кездесу өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Дүниежүзілік додада барлығы 16 құрама сынға түсіп жатыр. Олар А және В тобына сегіз-сегізден бөлінген.
А тобында АҚШ, Швейцария, Финляндия, Аустрия, Латвия, Германия, Ұлыбритания, Мажарстан шеберлік байқасса, В тобында Канада, Швеция, Италия, Дания, Чехия, Словакия, Норвегия және Словения мұзайдынға шығады.
Бүгін, 22 мамырда төрт ойын өткізіледі.
Ойындар күнтізбесі
19:20. Германия - Мажарстан
19:20. Канада - Словения
23:20. Финляндия - Ұлыбритания
23:20. Швеция - Италия.
Айта кетсек, 21 мамырда төрт ойын өтті. Онда Канада, Финляндия, Швейцария, Словакия құрамалары жеңіске жетті.
Ойындар нәтижесі
21 мамыр
Канада - Норвегия 6:5, овертайм
Латвия - Финляндия 1:7
Дания - Словакия 1:5
Швейцария - Ұлыбритания 4:1.
Қазір А тобында Швейцария 15 ұпаймен көш бастап, Финляндия - 12, Аустрия - 9, АҚШ - 5, Мажарстан мен Латвия -3, Германия -1 ұпай еншілесе, Ұлыбританияның ұпай қоржыны бос.
Ал В тобында Канада мен Словакия 11 ұпаймен бірінші және екінші орында тұрса, Чехия - 9, Норвегия - 7 , Швеция - 6, Словения - 3 ұпайға ие болса, Дания мен Италия әлі ұпайға қол жеткізген жоқ.
Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Канада - 28, Ресей (КСРО) - 27, Чехия (Чехословакия) - 13, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 3, Ұлыбритания мен Словакия 1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.
Айта кетсек, биыл Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан I дивизионның әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы элиталық дивизионға жолдама алды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан