2 күн бұрын
Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогі қашан өтетіні белгілі болды
Шайбалы хоккейден Қазақстан кубогы биыл 14-23 тамыз аралығында өтеді. Турнирге 10 команда қатысады.
Командалар екі топқа бөлінген. А тобындағы «Номад» (Астана), «Торпедо» (Өскемен), «Арлан» (Көкшетау), «Алматы» және «Ақтөбе» командалары Өскеменде ойнайды.
В тобында «Сарыарқа» (Қарағанды), «Құлагер» (Петропавл), «Горняк» (Рудный), «Бейбарыс» (Атырау) және «Ертіс» (Павлодар) бақ сынайды. Бұл топтың кездесулері Қарағандыда өтеді.
Екі топтағы ойындар 14-19 тамыз күндері ұйымдастырылады. Содан кейін жартылай финалға жолдама алған командалар анықталады.
Жартылай финалда әр топтың жеңімпазы екінші топта екінші орын алған командамен кездеседі. Осы ойындардың жеңімпаздары Қазақстан кубогының финалында чемпиондық атақты сарапқа салады.
Турнирдің шешуші кездесулері 22 және 23 тамызда Қарағандыда өтеді.
Қазақстан кубогының қазіргі иегері – Өскеменнің «Торпедо» командасы.
Айта кетейік, Қазақстан кубогы 2002 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал ел чемпионатының 2026/27 жылғы маусымы 1 қыркүйекте басталады. Pro Hokei Ligasy-дің жаңа маусымында 10 команда чемпиондық атақ үшін таласады.
Біздің серіктес: Sport12kz