4 сағат бұрын

«Барыс» Уфада «Амурмен» кездеседі

«Барыс» Уфада «Амурмен» кездеседі

Астаналық «Барыс» Ресейдің Уфа қаласында өтіп жатқан Башқұртстан Республикасының Кубогі аясындағы кезекті матчын «Амурға» қарсы өткізеді.

Хабаровск клубы турнирді сәтті бастап, алғашқы ойында «Ладаны» 5:0 есебімен жеңді. «Амур» сапынан Борис Борин, Артем Шварёв, Иван Климович (дубль) және Ярослав Лихачёв гол соқты. Қақпашы Максим Дорожко 24 сейв жасады.

Ал «Барыс» алғашқы кездесуінде турнир қожайыны «Салават Юлаевтан» 1:4 есебімен жеңілді. Астаналық команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. «Барыстың» жалғыз голын Алихан Өмірбеков соқты.

Бұл ойында Асанали Сәркенов пен Темірлан Айболұлы ересектер деңгейінде дебют жасады. Сонымен қатар Чейз Приски, Гарретт Пилон және Логан Дэй «Барыс» сапында алғашқы кездесуін өткізді.

«Барыс» — «Амур» матчы Қазақстан уақытымен 15:00-де басталады.



Біздің серіктес: Sport12kz