5 күн бұрын
Бэйли «Барыс» сапындағы алғашқы матчынан кейін әсерімен бөлісті
«Барыстың» жаңа ойыншысы Джастин Бэйли астаналық клуб сапындағы алғашқы матчын өткізіп, Санкт-Петербургтегі Николай Пучков атындағы турнирде СКА-ға қарсы өткен кездесу туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Барыс» буллиттер сериясында 1:2 есебімен жеңілді.
Бэйли жаңа командасындағы алғашқы ойынын мықты қарсыласқа қарсы өткізудің жақсы бастама болғанын атап өтті.
— Жаңа командадағы алғашқы матчымды өткіздім. Бірден мықты қарсыласқа қарсы ойнадық. Менің жаңа лигадағы бастауым үшін бұл жақсы деп ойлаймын. Жақсы ойын өткіздік, жоспарымызды орындауға тырыстық, қарсыласқа көп кеңістік бермедік. Бұл біз үшін жақсы белгі, — деді хоккейші.
Оның айтуынша, команда ойын барысында тактиканы өзгертпей, алдын ала белгіленген жоспарды ұстанған.
Бэйли «Барыс» ойыншыларының соққыларды бөгеп, қарсы шабуылдарға жиі шығуы команданың мінезін көрсететінін атап өтті.
— Блокшоттар, күш қолдану эпизодтары сияқты жағымды сәттердің бәрі эмоция қосады. Ең бастысы — осындай эпизодтардан кейін жақсы шабуылдар жасаймыз. Мұны сақтауымыз керек. Команданың мінезі дәл осындай сәттерде көрінеді, — деді Джастин Бэйли.
Бэйлидің айтуынша, команда маусым басталғанға дейін ойын үйлесімділігін арттырып, өз мінезін сақтауы керек.
Біздің серіктес: Sport12kz