8 сағат бұрын
Михаил Кравец «Барыстың» жаңа қақпашысына айтылған сынға жауап берді
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец маусым алдындағы турнирлерде команданың жаңа қақпашысы Хантер Шепардтың көп шайба жіберіп алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
— Шепард Уфадағы «Амурға» қарсы матчта бес шайба жіберді, Санкт-Петербургтегі соңғы ойында да бес шайба өткізіп алды. Бірінші қақпашыға үміткер әрі жетекші қақпашылардың бірі ретінде шақырылған ойыншы үшін бұл көптеу емес пе? — деген сұрақ қойылды.
— Егер алғашқы ойын туралы айтатын болсақ, ол үшін бұл ҚХЛ-дағы алғашқы матч болды. Бұған дейін басқа лигада ойнады, сондықтан бейімделу кезеңі болды. Келесі ойында ол мықты команда — СКА-ға қарсы матчта небәрі бір гол жіберді. Кешегі ойында қорғанысымыз тарапынан көптеген қателік болды. Азшылық құрамда тым көп шайба өткізіп алдық. Әрине, оның да жіберген голдары болды. Бірақ қақпашы бірден келіп, алғашқы ойыннан-ақ қақпасын голдан сақтайды деген болмайды. Оған да ойынға бейімделу керек. Қазір дәл осы процесс жүріп жатыр.
Ол қақпада тұрғанда, жігіттер артында көмектесетін сенімді қақпашы бар екенін біліп, алаңға нық шығады. Шутов туралы да осыны айта аламын. Бірақ бұл — маусым алдындағы дайындық кезеңі. Маусым басталғанда жауапкершілік те артады. Екі қақпашы да командаға көмектесетініне сенімдімін, — деді Кравец баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, Хантер Шепард өткен жазда «Барыспен» 2027 жылдың мамырына дейін жарамды біржақты келісімшартқа отырған. Ол мансабының басым бөлігін «Вашингтон» жүйесінде өткізді. Өткен маусымда Шепард НХЛ-де «Оттава» сапында бір матч ойнап, кейін «Белвилл Сенаторз» және «Лаваль Рокет» клубтарында өнер көрсетті.
Біздің серіктес: Sport12kz