2 күн бұрын
Кравец «Барыстың» жаңа құрамын бағалады
«Барыс» бас бапкері Михаил Кравец командасының жаңа маусымдағы алғашқы ойынынан кейін құрамдағы ойыншылардың өнеріне баға берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Астаналық клуб жаңа маусымдағы алғашқы матчында Новосібірдің «Сибирь» командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Кравец «Барыс» сапында алғаш рет мұз айдынына шыққан жаңалықтарға қатысты пікір білдірді.
«Менің ойымша, барлық жігіттер өте жақсы ойнады. Бүгінгі жеңіске өз үлестерін қосты», — деді маман.
Бас бапкер жастардың да ойынына тоқталды. Оның айтуынша, Петров, Михайлов және Харламовтың бір-біріне пас беріп, бірден соққы жасаған голы ерекше ұнаған.
«Ең бастысы — тұрақтылық. Біз олардың не істей алатынын білдік. Сондықтан олар командада. Енді осыны әр ойында көрсету керек», — деді Кравец.
Маман шабуыл шебіндегі Мэйсон мен Алиханның әрекетін де жоғары бағалады. Оның пікірінше, бір үштікте екі орталық шабуылшының болуы командаға вбрасывания кезінде де, қорғаныста да артықшылық береді.
Кравец жас ойыншылардың маусым бойы бір үштікте ойнауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Ол бұл құраманың алғашқы матчқа бір күн қалғанда жасақталғанын айтты.
«Егер олар жақсы ойнап, дұрыс әрекеттерін жалғастыра берсе, ешкім бұл үштікті бұзбайды. Жақсы нәрсені не үшін өзгерту керек?» — деді бапкер.
Сондай-ақ Михаил Кравец жарақатына байланысты ойынға қатыспаған Аркадий Шестаковтың жағдайына тоқталды. Оның болжамынша, хоккейші бір жарым апта шамасында командамен бірге жаттығуға кірісуі мүмкін.
Біздің серіктес: Sport12kz