6 сағат бұрын
«Барыс» «Авангардты» ірі есеппен жеңді
Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Омбының «Авангард» командасын 5:1 есебімен жеңді.
10 қазанда елордада өткен ойында қонақтар сапынан Наиль Якупов есеп ашты. Алайда Тайс Томпсон арада төрт минут өткенде таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде «Барыс» екі шайба соқты. 24-минутта Джастин Бэйли командасын алға шығарса, 37-минутта Мэйсон Морелли есеп айырмасын арттырды.
Үшінші кезеңде Бэйли екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Ал 57-минутта Томпсон кезекті мәрте мергендік танытты.
Бұл «Барыстың» ҚХЛ-дегі қатарынан үшінші жеңісі. Бұған дейін астаналық клуб «Нефтехимикті» овертаймда 5:4 есебімен ұтып, «Спартактан» буллиттер сериясында 4:3 есебімен басым түскен еді.
Елордалық команда келесі матчын12 қазанда өз айдынында Новосібірдің «Сібір» клубына қарсы өткізеді. Ойын Астана уақытымен 19:30-да басталады.
Біздің серіктес: Sport12kz