3 сағат бұрын
Мағжан Шамшадин медаль үшін күресуден неліктен бас тартқанын түсіндірді
ҚР ҰОК
Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадин күтпеген шешім қабылдады.
Ол алдымен жерлесі Талғат Орынбасарға жол берсе, кейін қола жүлде үшін белдесуде Шерзод Давлатовпен күресуден бас тартты. Турнирден кейін спортшы бұл шешімінің себебін түсіндіріп, денсаулығы мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
Мағжанның сөзінше, жарыс барысында алған жарақаты оның белдесуді жалғастыруына мүмкіндік бермеген.
«Үшінші белдесуде үндістандық спортшымен кездескен кезде баспен соғылып қалдым. Сол кезде кішігірім жарақат болды. Басым қатты ауырып тұрды. Сол үшін үшінші орынға таласуға шықпай қалдым. Жаттықтырушыларыма жағдайды айттым. Олар да «күреспей-ақ қойсаң болады» деді. Сосын ініме жол берейін деп шештім», – деді дзюдошы.
Ол бұл шешімді бапкерлер штабы да дұрыс қабылдағанын айтты.
Мағжан Талғат Орынбасарды өзіне қарсылас емес, інісі ретінде көретінін де жасырмады. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар арасындағы бәсекелестік ортақ нәтижеге жұмыс істеуі керек.
«Мен бұған дейін де айтқанмын. Өзімнің ағаларым мен інілерімді қарсылас деп санамаймын. Біздің басты қарсыласымыз – шетелдік балуандар. Талғат – менің інім. Чемпион болса, тіптен керемет болар еді. Әнұранымыз шырқалып, қазақ дзюдосының мерейі өседі ғой. Ол жүлде алған кезде қатты қуандым», – деді ол.
Спортшының айтуынша, алтын медаль алуға барлық мүмкіндік болған. Алайда белдесу барысында жіберілген қателіктер шешуші рөл атқарған.
«Барлығы жетіп тұрды. Бірақ балуандар қателік жібереді. Бұл – спорт. Дзюдода бір сәтке де босаңсуға болмайды. Қарсылас қателікті кешірмейді», – деді Мағжан.
Ол Астанадағы Grand Slam турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын да ерекше атап өтті.
«Бұл жарыс жыл сайын керемет деңгейде өтіп жатыр. Атмосфера өте күшті. Халықтың қолдауы ерекше сезіледі. Жанкүйерлердің айқайлап, қолдап отырғаны шабыт береді. Ұйымдастырушыларға, Қазақстан дзюдо федерациясына және Туризм және спорт министрлігіне үлкен рақмет айтамыз», – деді спортшы.
Мағжанның қола белдесуінен бас тартуы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Алайда көпшілік оның шешімін қолдаған.
«Instagram мен әлеуметтік желілерде көп адам жазды. «Дұрыс жасадың», «ініңнің жолын аштың» деген пікірлер келіп жатыр. Қолдау білдіріп жатқандар көп», – дейді ол.
Дзюдошының айтуынша, бұл турнирге ол арнайы дайындалған. Тіпті басты мақсаты алтын медаль болғанын да жасырмады.
«Өз еліңде өткеннен кейін алтын алғың келеді ғой. Екі дүркін чемпион болғым келді. Былтыр үшінші орын алып қалғанмын. Бұл жолы жақсы дайындалдым. Жапониядағы оқу-жаттығу жиындарына дейін осы Grand Slam-ге бар күшімізді салдық. Нағыз бабымда болдым деп айта аламын. Бірақ спортта бәрі бола береді», – деді ол.
Қазір спортшының денсаулығы бірқалыпты. Команда дәрігерлері қажетті ем-дом жасап жатқанын айтты.
«Қазір бәрі жақсы. Дәрігерлер қарап жатыр. Аллаға шүкір, жағдайым қалыпты», – деді Мағжан.
Сұхбат барысында дзюдошы Елдос Сметовтің 60 келі салмаққа оралатыны туралы да ойын білдік. Оның сөзінше, Қазақстан құрамасындағы ішкі бәсекелестік спортшылардың өсуіне ықпал етеді.
«Бізде бәсеке болған сайын нәтиже болады. Қазір жүлде алып жүрген балалардың өзі – сол бәсекенің арқасы. Бір жағынан қуанасың, бір жағынан өзің де жеңгің келеді. Бірақ кім дайын болса, сол жарысқа барады», – деді ол.
Мағжан Шамшадин алдағы уақытта Моңғолия, Қытай және Швейцарияда өтетін халықаралық турнирлерге қатысуы мүмкін. Оның айтуынша, негізгі мақсат – Азия ойындарына тыңғылықты дайындалу.
«Қазір нақты ештеңе белгісіз. Барлығы нәтижеге байланысты. Кім дайын болады, сол барады. Алдымызда Моңғолиядағы, Қытайдағы және Швейцариядағы жарыстар бар. Соған қатысып, бабымызды байқап көреміз», – деді дзюдошы.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан