Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

6 күн бұрын

Елдос Сметов: Қазақ тарихын жаңарттық, енді әлем тарихын жаңарту керек

Елдос Сметов: Қазақ тарихын жаңарттық, енді әлем тарихын жаңарту керек

ҚР ҰОК

Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жанкүйерлер алдына қайта шықты.

Бұл жолы ол ресми жарыста емес, арнайы ұйымдастырылған көрсетілім жекпе-жегінде өнер көрсетті. Алайда татамиге қайта оралған чемпионды жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды.

Елдостың айтуынша, ол татамиді де, жанкүйерлердің қолдауын да қатты сағынған.

«Ел-жұртты, татамиде өнер көрсетуді сағынып қалыппын. Осыған жету үшін талай еңбектендік, талай тер төктік. Қаншама жарақат алдық, есесіне елдің қолдауы мен махаббаты мені емдеп жатыр. Өте қуаныштымын», – деді Олимпиада чемпионы

Көрсетілім белдесуінде Елдос ұлын ертіп шықты. Спортшы бұл сәттің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, бұл — әкелік жауапкершіліктің жаңа кезеңі.

«Ел алдына ұлымды алып шықтым. Үлкен мақсаттарға жетуге, жауапкершілікті сезінуге әке ретінде алғашқы қадамымды жасадым деп ойлаймын. Ізімді жалғаушы ретінде үлкен үміт артамын. Өзімнің ғана емес, өзге балаларға да сенім артамыз. Өз шеңберіммен шектелетін адам емеспін. Қазақ үшін, қазақ жастары үшін еңбек етіп, өміріміздің соңына дейін қызмет жасаймыз», – деді ол.

Сметов сұхбат барысында қазақ спортының аңызы Жақсылық Үшкемпіровті де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі буын аға буынның салған жолын жалғастырып, жастарға дұрыс бағыт көрсетуі керек.

«Жақсылық Үшкемпіров атамыз – қазақтың аңыз адамы. Бізге дейінгі ұрпаққа да, бізге де үлгі болды. Олимпиада чемпионы атанды. Өкінішке қарай, ортамызда жоқ. Сол ағамыздың атын өшірмеу үшін, атына кір келтірмеу үшін әр басқан қадамымызды, сөйлеген сөзімізді сараптап, бүгінгі жастарға дұрыс үлгі болуымыз керек», – деді дзюдошы.

Елдостың айтуынша, көрсетілім жекпе-жегіне шығу туралы ұсыныс Grand Slam турнирі басталар алдында түскен. Ол мұндай бастама жастарға мотивация беру үшін қажет екенін айтты.

«Golden Fight туралы ұсынысты Grand Slam басталар алдында айтты. Баламмен бірге күресу туралы идея болды. Мен қарсы болған жоқпын. Балаларға, жастарға үлкен мотивация болуы үшін татамиге шығып, күресіп шықтық», – деді ол.

Сонымен қатар Олимпиада чемпионы спорттық мансабын аяқтамағанын ашық айтты. Елдостың басты мақсаты — Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атану.

«Алға қойған мақсатым бар – Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атану. Күресті әлі қойған жоқпыз. Олимпиададан кейін көп жарақатпен алысып жүрдік. Қазір жағдайымыз жақсы, Аллаға шүкір», – деді спортшы.

Сметов Астанадағы турнирде Олимпиада чемпионына арналған арнайы нашивканы алғаш рет өз еліне көрсеткісі келгенін айтты.

«Олимпиада нашивкасын ең алдымен өз еліме көрсеткіміз келді. Жерлестерімнің батасын алып, жігерленіп шығайық дедік. Бұл – тарихи нашивка», – деді ол.

Қазір Елдос толыққанды жаттығу процесіне қайта кіріскен. Дегенмен нақты қай турнирде күресетіні әзірге белгісіз.

«Татамиге оралдым. Жаттығуға кірісіп кеттік. Бабыма келіп жатырмын, бірақ нақты мына жарысқа қатысамыз деп айтылған жоқ. Дегенмен Қытайдағы Гран-приде күресіп қалуым мүмкін. Бірақ ол міндетті түрде ресми жарияланады», – деді дзюдошы.

Олимпиада чемпионы алдағы уақытта тек 60 келі салмақта күресетінін де айтты. Оның сөзінше, биылғы басты мақсат — Азия ойындары мен әлем чемпионаты.

«Бұл жолы тек 60 келіде күресеміз. Бірер жарысқа шығамын, сондықтан нәтижелі турнирге қатысу керек. Биылғы басты жарыстар – Азия ойындары мен әлем чемпионаты. Қайсысына дайын болатынымызды уақыт көрсетеді», – деді ол.

Сөз соңында Елдос Сметов қазақ спортында тарихи жетістікке жеткендерін айтып, ендігі мақсат әлемдік деңгейде жаңа белес бағындыру екенін жеткізді.

«Құдай қаласа, алдағы аламандарда ел абыройын асқақтатамыз деп үміттенеміз. Жас деген – жай сандардың ауысуы ғана. Қазақ тарихын жаңарту қолымыздан келді, енді әлем тарихын жаңартуға да шамамыз жетеді деп ойлаймын. Мүмкін емес деген дүние жоқ», – деп түйіндеді Олимпиада чемпионы.



Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан