Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 70 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

7 сағат бұрын

Жарақатын емдеген Данияр Шамшаев татамиге қашан оралатынын айтты

Жарақатын емдеген Данияр Шамшаев татамиге қашан оралатынын айтты

ҚР ҰОК

Данияр Шамшаев ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралуға дайындалып жатыр. 73 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық дзюдошы қазіргі таңда жарақатынан толық айығып, Испанияда өтетін халықаралық турнирде биылғы алғашқы жарысына қатысуды жоспарлап отыр.

Спортшы алдымен Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріндегі қыз-жігіттерді де жеңісімен құттықтап, құраманың өте табысты өнер көрсеткенін алға тартты.

Данияр Шамшаевтың сөзінше, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған және қазақстандық дзюдошылар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.

– Бапкерлер елордадағы жарыста спортшылардың бабын байқады. Өздеріңіз білесіздер, Астана төріндегі аламан өте керемет өтті. Алдымен 60, 66 келідегі жігіттер жақсы күресті. Талғат Орынбасар күміс жүлде алса, Шерзат Давлатов та қола медаль жеңіп алды. 81 келідегі бауырымыз Аңсарбек Ғайнуллин де жүлдегер атанды. Ал Жалғас Қайролла чемпион болды. Одан қалды Айдар Арапов та қола жүлде алды. 100 келідегі Марат Байқамыров өзіміздің Леңгірдің жігіті, жерлесім. Ол да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Енді бұдан да биік белестер күтіп тұр деп сенемін. Қыздарымыз да жарады, – деді ол.

Айта кетейік, Данияр Шамшаевтың өзі қазір Испанияда өтетін аламанға дайындалып жатыр.

– Былтыр операция жасаттым, жарақатым болды. Қазір қайта қалпына келіп жатырмын. Ертең, Алла қаласа, Испаниядағы жарыста алғашқы бәсекеме шығамын, – деді спортшы.

Дзюдошы соңғы уақытта жарақат салдарынан халықаралық жарыстарға сирек қатысып жүргенін жасырмады. Былтыр екі ғана турнирге қатысқан спортшы биыл толыққанды оралуға ниетті.

– Қалыпқа келу процесі жақсы өтті. Бірақ жарақат әлі аздап мазалайды. Қазір ең бастысы – форманы тексеру. Испаниядағы жарыс соның алғашқы сынағы болады, – деді Шамшаев.

Оның айтуынша, операциядан кейін салмақ мәселесі де қиындық туғызған.

– Бұрын салмағым 86 келіге дейін көтеріліп кетті. Қазір қайта түсіп жатырмын. Қазір 75 жарым келімін. Испанияға дейін тағы аздап салмақ тастау керек, – деді дзюдошы.

Сұхбат барысында Париж Олимпиадасындағы сәтсіздік тақырыбы да қозғалды. Данияр бұл кезеңнің артта қалғанын айтып, енді алдағы жарыстарға назар аударып отырғанын жеткізді.

– Ол кезең өтті. Шыны керек, өте ауыр болды. Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдік. Қазір алдағы жарыстарға дайындалып жатырмыз. Алдымызда Гран-при, Гранд Слэм секілді жарыстар бар. Қазір кімнің формасы жақсы, сол халықаралық додаларға қатысады, – деді ол.

Сонымен қатар спортшы Қазақстан құрамасындағы бапкерлер штабы ауысқаннан кейін дайындық жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болғанын айтты.

– Өзгеріс көп. Қазіргі бапкерлердің жаттығу процесі мүлде басқа. Бұрын көбірек жүгіру болатын, қазір күш пен техникаға басымдық беріліп жатыр. Партермен көп жұмыс істейміз. Әртүрлі жаттығулар енгізілген. Бәрі жоспармен жүреді, – деді Шамшаев.

Данияр бұрын бір салмақта күрескен, ал бұл күндері ұлттық құрамада бапкерлік қызмет атқарып жүрген Жансай Смағұлов туралы да пікір білдірді.

– Өзі күрескен адам болған соң бізді жақсы түсінеді. Қай кезде не істеу керек екенін айтып отырады. «Күрескеннен гөрі бапкер болу қиынырақ» деп өзі де айтады, – деді ол.

Айта кетейік, Данияр Шамшаев үшін Испаниядағы турнир ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы ресми жарыс болмақ. Дзюдошы бұл бәсекеде өз бабын тексеріп, халықаралық аренаға толыққанды оралуды мақсат етіп отыр.


Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан