2 сағат бұрын
Қазақстандық дзюдошылар Grand Slam-де жүлдесіз қалды: Ғалымжан Жылгелдиев себебін түсіндірді
ҚР ҰОК
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан өткен Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды. Бұл нәтиже жанкүйерлер арасында түрлі пікір туғызды. Осыған байланысты Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтен ұлттық құраманың өнері мен алдағы жоспарлары туралы сұрап білдік.
– Ғалымжан аға, Моңғолиядағы Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошылар жүлдеге іліге алмады. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Жалпы, жігіттер де, қыздар да жаман күресті деп айта алмаймын. Барлығы жақсы дайындықпен барды. Белдесулердің басым бөлігінде спортшыларымыз лайықты деңгейде өнер көрсетті. Сондықтан бәрін бір ғана нәтижемен бағалау дұрыс емес.
Әрине, құрамамен жұмыс істеп жатқан шетелдік мамандар мен бапкерлер штабы бұл жарысты жан-жақты талдап, қай тұста қателік кеткенін анықтайды. Өз басым нәтиженің төмен болуына климаттық жағдай да әсері етті деп ойлаймын.
Ұлан-Батырдың географиялық ерекшелігін ескеру керек. Ол теңіз деңгейінен едәуір биікте орналасқан. Ал біздің спортшылар Астанадан тікелей ұшып барып, кейбірі бір күннен кейін, енді бірі екі күннен кейін татамиге шықты. Мұндай жағдайда ағзаның жаңа ортаға бейімделуі үшін уақыт қажет.
Дзюдо сияқты жоғары қарқын мен үлкен физикалық күш талап ететін спорт түрінде акклиматизация өте маңызды. Меніңше, осы мәселе толық ескерілмей қалған болуы мүмкін.
– Яғни мәселе дайындықта емес, жарыс алдындағы жоспарлауда болды дейсіз бе?
– Дайындыққа қатысты ешқандай сұрақ жоқ. Балалар жақсы дайындалды. Бірақ халықаралық тәжірибеде көптеген құрамалар жарыс өтетін жерге бір апта, кейде он күн бұрын барып, сол ортаға бейімделіп жатады.
Бұл – тек Моңғолияға ғана қатысты емес. Кез келген жарыста климат, биіктік, ауа райы секілді факторларды міндетті түрде есептеу қажет. Дзюдода мұның әсері өте үлкен.
Сондықтан алдағы уақытта осындай ұсақ көрінгенімен, нәтиже үшін маңызды дүниелерге көбірек мән беру керек деп ойлаймын.
– Бұл сәтсіздік спортшылардың психологиясына әсер етуі мүмкін бе?
– Әрине, өкініш бар. Себебі бұл жарыстар Олимпиада рейтингі үшін маңызды. Қазір әр ұпайдың салмағы зор. Моңғолиядағы Grand Slam мен алдағы Циндаодағы жарыстарда Олимпиада рейтингінің ұпайлары үлестіріледі.
Сондықтан спортшылардың ұпай жинай алмағаны көңілге қаяу түсіреді. Бірақ мұны трагедияға айналдырудың қажеті жоқ. Бұл – Олимпиада циклының алғашқы жарыстары ғана. Алда әлі талай турнир бар.
Менің ойымша, жігіттер де, қыздар да қорытынды шығарып, келесі жарыстарда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетеді.
– Енді Қытайдағы аламанға Елдос Сметов қатысады. Бұл жарысқа қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Иә, Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Абиба Әбужақынова және басқа да тәжірибелі спортшыларымыз Қытайдың Циндао қаласында өтетін Гран-при турниріне қатысады.
Спортшы жарысқа тек қатысу үшін бармайды. Әрине, мақсат – жеңіс. Біз Қытайға Қазақстанның көк туын желбіретіп, Әнұранымызды шырқату үшін барамыз.
Елімізде дзюдоны жақсы көретін жанкүйер көп. Біз солардың сенімін ақтап, жастарға үлгі болатын нәтиже көрсетуіміз керек.
Қазіргі таңда мемлекет те, жанкүйерлер де дзюдоға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан әр жарыста барымызды салып, ел үмітін ақтауға тырысамыз. Циндаодағы жарысқа да жоғары мақсатпен аттанамыз.
– Елдос Сметов үшін бұл Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми жарыс болмақ. Екі жылға жуық үзілістен кейін оның бойында қобалжу бар ма?
– Қобалжу – кез келген спортшыда болатын қалыпты жағдай. Тіпті ең мықты спортшылардың өзі жарыс алдында толқиды. Бірақ ол қорқыныш емес, жауапкершіліктен туындайтын сезім.
Елдос – тәжірибелі, кәсіби спортшы. Сондықтан оның жарысқа байланысты ерекше алаңдаушылығы жоқ. Әрине, салмақ қуу, жарысқа дайындық секілді өзіне тән мәселелер болады. Бірақ татамиге шығудан қорқып немесе психологиялық тұрғыдан қысылып жүрген жоқ.
Екі жыл ресми жарысқа қатыспағанымен, ол осы уақыт ішінде жаттығуын тоқтатқан жоқ. Қазіргі көңіл күйі жақсы, дайындығы көңілден шығып отыр. Біздің басты уайымымыз – жарысқа дейін жарақат алмай, сырқаттанып қалмай, бабын сақтап жету.
– Елдоспен бірге Қытайда Ғұсман Қырғызбаев пен Абиба Әбужақынова да белдеседі. Құрамадағы көшбасшы дзюдошыларымыз ғой. Әрі үшеуі де біраздан бері татамиге шыққан жоқ. Бұл кездейсоқ шешім бе, әлде алдын ала жоспарланған дүние ме?
– Бұл алдын ала жоспарланған жұмыс. Мысалы, Елдостың Қытайдағы жарысқа қатысатынын біз өткен күздің өзінде белгілеп қойғанбыз.
Олимпиададан кейін ол жарақаттарын емдеп, толық қалпына келумен айналысты. Сол кезде-ақ дайындық жоспарын жасап, алғашқы ресми жарыс ретінде дәл осы Циндаодағы Гран-при турнирін таңдадық. Содан бері барлық жұмыс осы жарысқа бағытталды.
Ал қалған спортшылардың қай турнирге қатысатынын ұлттық құраманың бапкерлер штабы шешеді. Моңғолияға кім барады, Қытайға кім қатысады – мұның бәрі құрама мамандарының ортақ шешімі.
– Яғни Елдостың Қытайдағы жарысы былтыр жоспарланған болды ғой?
– Иә, дәл солай. Біз бұл шешімді күзде қабылдадық. Елдос та соған сай дайындалды. Сондықтан оның бұл жарысқа қатысуы тосын шешім емес.
– Ертең жолға шығасыздар. Шетелдегі жарыстарда тамақ мәселесі қиындық тудырмай ма?
– Біз бұл жағынан тәжірибе жинақтағанбыз. Әдетте өзімізбен бірге арнайы қазанымызды, қажетті азық-түлікті алып жүреміз. Спортшылардың тамақтануы – дайындықтың маңызды бөлігі. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлеміз.
Жалпы біздің мақсатымыз – ел сенімін ақтау. Елдос, Ғұсман, Абиба сияқты тәжірибелі спортшыларымыз жастарға үлкен үлгі болуы керек. Олар тек нәтиже көрсетіп қана қоймай, кейінгі буынға рух беретін тұлғалар.
Сондықтан Қытайдағы жарыста жақсы күрес көрсетіп, жанкүйерлерімізді қуанта аламыз деп сенемін.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан