2 сағат бұрын
Әлемнің үздік дзюдошылары Алматыда бас қосты
Фото:Kazjudoteam
Қазақстанда дзюдодан тұңғыш рет халықаралық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. 5–15 тамыз аралығында Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау базасында әлемнің 30 елінен келген 700-ден астам татами шебері дайындық жүргізіп жатыр.
Жиынға әлемдік рейтингте жоғары орындарда тұрған дзюдошылармен қатар, Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарында топ жарған және жүлдеге іліккен спортшылар қатысуда.
Қазақстан құрамасының сапында Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бар. Шетелдік спортшылар арасында Грузияның Олимпиада чемпионы Лаша Шавдатуашвили де бар.
Сонымен бірге жиынға әлем чемпиондары Рюдзю Нагаяма, Санширо Мурао (Жапония), Инал Тасоев, Тимур Арбузов (Ресей), Тато Григалашвили (Грузия), Мими Хух (Корея) және әлемдік дзюдода танылған өзге де спортшылар қатысып жатыр.
Жаттығу жиыны барысында спортшылар бірлескен жаттығулар өткізіп, халықаралық жарыстар алдындағы дайындық деңгейін пысықтайды.
Біздің серіктес: Sport12kz