2 сағат бұрын

Елдос Сметов әлемдік рейтингте үздіктер қатарынан шығып қалыпты

Елдос Сметов әлемдік рейтингте үздіктер қатарынан шығып қалыпты

Фото:IJF

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов IJF-тің жаңартылған әлемдік рейтингінде тағы бес сатыға төмендеді. Париж Олимпиадасының чемпионы қазір 114-орында тұр.

60 келіге дейінгі салмақтағы спортшының еншісінде 252 ұпай бар. Елдос Сметов осындай көрсеткішке ие жапониялық Рен Йокоимен бір орында орналасқан.

Қазақстандық дзюдошының рейтингтегі жағдайына соңғы уақытта халықаралық жарыстарға аз қатысуы әсер етті.

Бұл салмақта рейтинг көшін әзербайжандық Балабей Агаев бастап тұр. Оның 4620 ұпайы бар. Екінші орында ресейлік Аюб Блиев, үшінші орында әзербайжандық Ахмед Юсифов келеді.

Елдос Сметов бұған дейін әлемдік рейтингте бірінші орынға дейін көтерілген. Ол 2015 жылы әлем чемпионы атанып, 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Олимпиаданың барлық жүлде қорын еншілеген санаулы спортшылардың бірі.

2026 жылдың маусымында Сметов 40-орында болған. Кейін Қытайдағы Гран-при турнирінен соң 30-орынға көтерілді. Алайда қазір 114-сатыға түсіп қалды.


Біздің серіктес: Sport12kz