10 сағат бұрын
Дзюдодан әлем чемпионы туған жеріне оралды
Дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Фатима Сұпығалиева туған жеріне оралды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, 52 келі салмақта әлемнің ең мықты жас дзюдошыларының арасынан дараланған чемпионды жерлестері ерекше ықыласпен қарсы алды.
Жас спортшыны қарсы алуға келген Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов чемпионға ақжолтай тілегін жеткізді.
-Фатиманың жеңісі – тек өзінің немесе отбасының ғана емес, бүкіл Орал қаласы мен Қазақстанның мерейі. Әлем чемпионатында көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Жас спортшының бұл жетістігі өңірдегі спортқа қызығатын мыңдаған балаға үлкен үлгі болады. Алда Фатиманы талай биік белес күтіп тұр деп сенеміз. Әр жеңісі туған жерінің мерейін үстем ете берсін», – деді Азамат Халелов.
Чемпионды қарсы алуға келген жандардың қатарында Фатиманың атасы да болды. Немересінің жеңісіне жүрегі жарылардай қуанған ақсақал ақжарма тілегін арнады.
Ал әлем чемпионатынан кейін туған жеріне оралған Фатима Сұпығалиева өз кезегінде қарсы алған жерлестеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ел мерейін асыруға бар күшін салатынын жеткізді.
-Мен үшін туған жерге чемпион болып оралу – ерекше сезім. Маған қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын. Бұл жеңісім – ең алдымен елімнің, туған жерімнің және мені әрдайым қолдап келе жатқан отбасым мен бапкерлерімнің жеңісі. Алда әлі талай жарыс бар. Сол додаларда да жақсы нәтиже көрсетіп, елді қуантуға, Қазақстанның көк туын биікте желбіретуге бар күшімді саламын», – деді әлем чемпионы.
Біздің серіктес: Sport12kz